СҚО қоғамдық кеңес отырысында медицина саласының мәселелері көтерілді. Кеңес мүшелерін кадр тапшылығы және жедел жәрдем орталығының ескі ғиамартта орналасуы алаңдатады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қазіргі таңда облыста 1 444 дәрігер халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның 141-і зейнеткер, тағы 52-сі зейнет жасына таяп қалған жандар.
«Облыста 144 дәрігер жетіспейді. Оның 73-і аудандарға қажет. 174 орта медицина қызметкері керек. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының медициналық ұйымдары 131 дәрігер және 386 орта медициналық қызметкерді қабылдады. 131 дәрігердің 63-і жас маман», — деді өз баяндамасында СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қаныш Бижанов.
Сонымен қатар, Қаныш Бижанов жастарға көрсетілетін көмек жайында да айтты. Солтүстікке жұмысқа келген жас дәрігерлерге бес миллионға дейін көтермақы беріледі. Қараша айына дейін аймағызға келген 52 маман 181 млн теңге көмекті алыпты. Оған қоса, баспана мәселесі де шешіледі.
Бұл орайда қоғамдық кеңес мүшелері кадр мәселесі жылдар бойы шешілмей келе жатқанын айтты. Сондықтан жастарды жұмысқа тарту бойынша жаңа шаралар керек дейді.
Сонымен қатар, облыстық жедел жәрдем орталығына жаңа ғимарат беру сұрағы да көтерілді.
«Облыстағы сапалы медициналық қызмет көрсететін жалғыз ұйым — жедел жәрдем орталығы. Оны жаңа ғимаратқа көшіреміз дегелі екі-үш жыл болды. Жаңа аурухана салынғасын, перинаталдық орталық ғимаратына көшіреміз деген сыбыс болды. Бірақ, аурухана құрылысы аяқталар емес. Менің ойымша, жедел жәрдем орталығын қаңырап тұрған троллейбус паркіне көшіру керек», — деді қоғамдық кеңес мүшесі Владимир Притчин.
Басқарма басшысы бұл нұсқаны да қарастыратындарын айтты. Алайда, облыс әкімі алдында жаңа ғимарат мәселесін көтермес бұрын, бірнеше ұсыныс болулары керек дейді. Сонымен қатар, кететін қаражатты есептеп, жобаларды дайын күйде қорғаулары қажет екен.
Тағы оқыңыз: Тісін уақытылы емдемеген петропавлдық жансақтау бөлімінен бірақ шықты