Алдағы уақытта Петропавлдағы Жұмысшы кентінде жаңа көпір салынатын болады. Жобаны бастау үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінген. Бұл жайында қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа баяндады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен еліміздің Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров келді. Атқамінер ең алдымен Жұмысшы кентіндегі тозығы жеткен көпірдің жағдайымен танысты.
“Караванная көшесі бойындағы жер үсті өткелі 1961 жылы салынған. Соңғы рет 2004 жылы жөндеу көрді. Бастапқыда көпір тәулігіне 8 мың автомобильге шақталған еді. Қала үлкейіп келеді. Тиісінше, жүктеме де 2 есе артып, 16 мыңды құраған. Көпір бүгінде апатты жағдайда тұр. Тұрғындар үшін қауіпсіз”, — деді Әділбек Әубәкіров.
Проблеманы шешу үшін жаңа жоба қолға алынды. Келешекте Универсальная көшесі арқылы өтетін көпір пайда болмақ. Ұзындығы 1,2 км болатын жол үсті өткелінің құрылысына 5,87 млрд теңге қаржы жұмсалмақ.
Бүгіндері жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінген.
“Конкурс ойнатылып, мердігер анықталды. Жобаны қаржыландыру үшін Ұлттық экономика министрлігіне жолдадық. 2024 жылға 3 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. Бұл бастаманың біз үшін маңызы зор. Сол себепті, қолдауларыңызды сұраймыз”, — деді қала әкімінің орынбасары.
Министрлік идеяны қолдап, Қаржы министрлігіне өтінім жолдаған екен. Алайда, әлі мақұлданбады, қарастырылып жатыр. Жер үсті өткелінің құрылысын созып жіберуге болмайды, уақыт тығыз. Сондықтан, мердігер “Бука” серіктестігі дереу іске кірісу үшін биыл 700 млн теңгені игеруге ниеттеніп отыр. Үстіміздегі жылы Петропавл қаласында жол жөндеу жұмыстары басты назарға алынғанын білеміз. Әділбек Әубәкіров облыс орталығындағы басқа да көшелерді жөндеу үшін 3 жоба дайындалғанын айтты. Қаржыландыру үшін Ұлттық экономика министрлігіне өтінім жолданған.
Тағы оқыңыз: Петропавл ЖЭО-дағы апатқа кінәлі деп танылғандар ақталды