Заречный кентінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйлерді жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мұнда 239 үй су астында қалған болатын. Мамлют ауданынан келген мехбригада апатты болып танылған үйлердің сүру жұмыстарымен айналысып, жөндеуге жарамды баспаналарды қалпына келтіріп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Мамлют ауданының мехбригадасына 120 үйдің тізімі берілген. Оның 19-ы ғана жөндеуге жарамды деп танылған. Қазір 9 баспанада қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда 13 техника мен 35 адам жұмылдырылған. Олар Заречный кентінде үшінші мамырдан бері жұмыс істеп жатыр.
«Қазір тұрғындардың үйіне күніне үш рет кіріп, аралап, мехбригаданың жұмысын бақылап отырамыз. Мұнда келгенімізге үш айға жуық уақыт болды. Зардап шеккен 10 үйдің иесі баспаналарын өздері жөндеуге шешім қабылдады. Ал қалған тоғыз үйді мехбригада қайта қалпына келтіріп жатыр», — деді Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Темірлан Мамашәріпов.
Мехбригада осыған дейін 59 үйдің сүру жұмыстарын аяқтаған. Ал, су тасқыны салдарынан зардап шеккен баспаналарды қалпына келтіруді бірінші тамызға дейін бітіруді жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз:Петропавлда көлік жүргізушісі үш жасар қызды қағып кетті