Жаңа оқу жылында Петропавлдағы орыс тілді үш мектепте қазақ сыныптары ашылады. Мемлекеттік тілде білім алғысы келетін бүлдіршіндерді қаладағы №4, №5 және №23 мектептер қабылдамақ. Бұл туралы QM редакциясына облыстық білім басқармасының мамандары хабарлады.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасы 2025-2026 оқу жылына дайындық туралы ресми ақпаратты ұсынды. Биыл облыста балабақшаларды бітіргендер саны 2500 балаға жеткен. Ал мектептегі даярлық сыныптарын аяқтағандардың саны — 3864.
«Келесі оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысында 6459 бала бірінші сыныпқа қабылданады. Оның 2628-і петропавлдықтар. ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес, бірінші сыныпқа биыл алты жасқа толатын барлық балалар тестілеу немесе конкурссыз қабылданады», — деп жауап берді білім басқармасы өкілдері.
Петропавл қаласында 22 мектепте 31 нөлінші сынып ашылады. Сонымен қатар, №29 мектепте екі нөлінші сынып жұмыс істейді. Қалада барлығы 40 мектеп бар. Қазақ тілінде сегіз мектеп, аралас тілде тоғыз, орыс тілінде білім беретін 23 білім ордасы жұмыс істеп тұр.
«2025 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап №4, №5 және №23 мектептерде қазақ тілінде оқытылатын бірінші сыныптар ашылады. Жалпы алдағы оқу жылында Петропавлда 500 бала қазақ тілінде оқытылатын бірінші сыныптарға барады деп жоспарланып отыр», — деді білім басқармасындағылар.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған республикалық конференция өтті