Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін «Бірлік» ауданында баспана тұрғызған 14 құрылыс компаниясы ақшаларын ала алмай отыр, деп жазады Qazaqstan Media.

Былтыр маусым айында «Бірлік» шағын ауданында үйлерді салу үшін 14 құрылыс компаниясы  тартылады. Олар СҚО әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы және «Qyzyljar Asar» корпоративтік қорымен келісімшартқа отырады. Оған сәйкес, тасқыннан зардап шеккендердің барлығы қазан айында жаңа қоныстарына көшуі тиіс еді.  Жұмыстар толық орындалды. Бірақ компаниялар әлі күнге дейін тиісті қаржыларын алған жоқ.

«Мысалы, «Ash stroy» ЖШС орындалған жұмыстардың 25% үшін ғана ақша алды. Ал үйлер өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілді», — дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ольга Достлер.

Маманның айтуынша, «Qyzyljar Asar» жеке корпоративтік қоры кәсіпкерлік қызметпен айналыспайды. Жеке жарналар есебінен жұмыс істейді. Қол қойылған үшжақты шартқа сәйкес кәсіпкерлер  барлық міндеттерді  орындаған. 

«Әкімдік бізге құрылысты шұғыл бастау туралы өтініш білдірген кезде, біз бәріміз қолдадық. Көбі несие, қарызға ақша алып, іске кірісті. Жұмысшыларды еңбекақыны күтуге көндірдік. Біз бәріміз қиындыққа тап болған адамдарға көмектеспек болдық. Олардың  спорт залдары мен жатақханаларда тұратынын түсіндік. Алғашқы үйлер бойынша төлем уақытылы жүргізілді.  Бірақ мұндай проблема туындайды деп күткен жоқпыз. «Ash stroy» ЖШС берешегі 88,5 млн теңге, шарттың жалпы сомасы 118 млн теңге. Осыған ұқсас проблема тағы 13 компанияда бар. Берешектің жалпы сомасы 400 млн теңгеден асады», — дейді «Ash stroy» ЖШС директоры Әміржан Шәкей.

Отырысқа қатысқан «Qyzyljar Asar» корпоративтік қорының директоры Қанат Омаровтың айтуынша,  корпоративтік қор бұл жерде тек оператор іспеттес. Негізгі демеуші — Kaz Minerals Бозшакөл компаниясы. 

«Kaz Minerals Бозшакөл үш траншпен демеушілік қаражат бөлуі керек. Бірінші транш маусым айында, екіншісі шілдеде түсті. Үшінші транш болмапты. Басты проблема үйлерді пайдалануға беру актілері  жоқ екен. Баспаналар демеушілік ақшаға салынған. Қаражатты бөлуге демеуші қарсы емес», — деді  Қанат Омаров.

Кәсіпкерлер өздерінен тиесілі бар құжатты тапсырдық деп отыр. Оны жиында болған СҚО әкімдігі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары растады. 

Осыдан кейін қор өкілі 10-ға жуық компанияның электрондық шот-фактураларын ұсынбағанын айтты. Kaz Minerals Бозшакөл ақшаны барлық компанияға бір транш арқылы жібереді екен. 

Петропавлдағы «Бірлік» шағын ауданында үй салған компаниялар ақшаларын ала алмай жүр 

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес бұл мәселені бақылауға алды. Енді кәсіпкерлер бір тәулік ішінде жоғалған құжатты жеткізуі тиіс. Ал қор өз кезегінде бір апта ішінде қалған қаражатты төлеуге уәде берді.

Тағы оқыңыз: Петропавлдықтар «102» қосымшасы арқылы полицейлерге 287 өтініш түсірген

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *