Петропавлдық жас гвардияшылдар халықаралық жарыста өңір намысын лайықты қорғап, командалық есепте бірінші орын алды. Сайыс Қостанай қаласында өтті, деп жазады Qazaqstan Media.
1–2 қараша күндері Қостанай қаласында полиция майоры, әлем чемпионы Руслан Мухановты еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыс бойынша халықаралық турнирөтті. Байрақты додаға бірнеше елдің үздік спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының курсанттары турнирде жоғары нәтиже көрсетіп, жеке және командалық есепте үздіктер қатарынан көрінді.

Жеке есеп нәтижелеріне келсек, 67 кг салмақ дәрежесінде – 3-курс курсанты Айдын Қабдусәлімов бірінші орын алды. 73 келі салмақ дәрежесінде сержант Байбол Қуанышов та жеңіс тұғырынан көрінді. Тәмирлан Жолдыбаев пен Ескендір Жайықбаев өз салмақтарында күміс жүлдегер атанды.
Ал командалық есепте Ұлттық ұлан академиясының құрама командасы бірінші орынды иеленді.
«Бұл жеңіс – курсанттардың жоғары спорттық шеберлігінің, табандылығының және академиядағы жүйелі дайындықтың нақты дәлелі. Біздің жас гвардияшылдар ел намысын тек оқу орындарында ғана емес, халықаралық аренада да абыроймен қорғап келеді», — дейді дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы, Мирас Бірімжанов.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық дәрігерлер жол апатына түскен ер адамның өмірін сақтап қалды

