Бүгін Қазақстан Республикасының президенті — Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендерін табыстады. Олардың қатарында Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының екі курсанты да бар, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Президент жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, бұл еліміз үшін айрықша күн екенін атап өтті.
Содан кейін Президент оқуын үздік бітірген курсанттарға шендерін тапсырды. Мемлекет басшысы мұндай шараның жақсы дәстүрге айналғанын айта келіп, жас сарбаздар батыр балаларының жолын абыроймен жалғайтындығына сенім білдірді.
«Көк байрақ жауынгерлерге айрықша күш-жігер береді, отаншылдық рухын көтереді. Осындай сәттерде әр азамат туған елге қызмет ету перзенттік парызы екенін терең ұғынады. «Тұлпар мініп, ту алған» жаужүрек батырлардың ұрпағы екенін сезінеді. Отан күзетінде тұрған ұландарымызды баһадүр бабалардың бүгінгі ізбасары деуге болады. Қастерлі Туымызды әрдайым тік ұстаңыздар! Мен бұған кәміл сенемін! Байрағымыз биікте желбіресін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – деді мемлекет басшысы.
Президенттің қолынан офицерлік шен алу құрметіне еліміздегі әскери оқу орындарының 14 түлегі ие болды. Олардың қатарында Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының екі курсанты Диас Беделбай мен Әділет Шалқарұлы да бар.

21 жастағы Диас Беделбай әке жолын қуып, әскери саланы таңдаған. Ол төрт жыл бойы сабағын жақсы оқып, әскери институт қабырғасында өткен барлық шараларға белсенді қатысқан.
«Мемлекеттік рәміздер күнін тойлауға арналған салтанатты жиында ел президентінің қолынан алғашқы әскери атақ алғаныма қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен жетістік, мақтаныш. Офицер беделін түсірмей, әскери қызметтің барлық ауыртпалықтарына қарамастан Отанымызға адал қызмет етуге дайынмын», — деп өз әсерімен бөлісті Диас Беделбай.
Сондай-ақ бұл күні Ұлттық ұлан академиясының тағы үш түлегі ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың қолынан алғашқы әскери шендерін алды.
Айта кетейік, биыл ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясын 175 курсант тәмамдады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да Орталық Азиядағы ірі қараға арналған мега ферма ашылады