Петропавлдағы Қозыбаев университетіне жаңа ректор тағайындалды

Бір жылға жуық басшысыз отырған Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне жаңа ректор келді. Енді бұл қызметті Ербол Исақаев атқармақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.  

Республикалық комиссияның шешімімен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректор қызметіне Ербол Исақаев тағайындалды. Бүгін жаңа басшыны ұжымға ҚР ғылым және жоғарғы білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов таныстырды.

Ербол Маратұлын әріптестері жақсы таниды. Ол осыған дейін ЖОО-да 4 жыл қызмет еткен.

«Ол оқу ісі жөніндегі проректор, бірінші проректор, одан кейін басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы болды. Өзін тәжірибелі басшы ретінде көрсетті. Оның басшылығымен университет коронавирустық пандемиямен байланысты қиындықтарды сәтті еңсерді. Ербол Исақаевтың жетекшілігімен басым бағыттар бойынша 33 бакалавриат және магистратура бағдарламалары, 8 замануаи инновациялық зертханалар, 4 бағдарламадан диссертациялық кеңестер ашылды. Университет «Атамекен» рейтингі бойынша Қазақстан Республикасының үздік үш жоғары оқу орындарының қатарына енді және ТМД елдерінің желілік университетінің мүшесі болды. Қозыбаев университетінің жаңа корпоративтік стиліне көшу жүзеге асырылды», — делінген М. Қозыбаев атындағы СҚУ баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Ербол Исақаев 1977 жылы 21 қарашада Алматы облысы Ұзын-Ағаш ауылында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар, биология ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын қарапайым лаборант болып бастаған. Кейін оқытушы, доцент, орынбасар, кейін декан болып жұмыс істеді.

«Үш университетте проректор қызметін атқарды. 2021-2024 жылдары А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқу ісі жөніндегі басқарма мүшесі, проректоры лауазымында еңбек етті. Оның жоғары білім саласында мол тәжірибесі бар. Алда оқу-тәрбие, ғылыми және әлеуметтік-тәрбие үдерістерін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар күтіп тұр», — деп көрсетілген хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін Қозыбаев университетін Ерлан Шуланов басқарған. Ол былтыр шілде айында қызметінен кеткен болатын.

Тағы оқыңыз: Елімізде егде жастағы адамдардың ең жоғары үлесі СҚО-да

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *