Петропавлдағы «Қалыңдық үйінде» тағы жөндеу жұмыстары басталды

ХХ ғасырдың басында салынған Көпес Янгуразовтың үйі қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Нысанда 2013-2016 жылдар аралығында ғана жөндеу-реставрациялау жұмыстары жүргізілген болатын. Бірақ ол кезде барлық шаруа тындырылмаған көрінеді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Көпес Янгуразовтың үйі немесе көпшілік арасында «Қалыңдық үйі» деп танылған ғимарат ХХ ғасырдың басындағы тарихи ескерткіш болып саналады. Оны Мәскеуден келген қалыңдықтың тапсырысы бойынша көпес Халит Янгуразов модерн стилінде салған. Бұл жобаның авторлары итальяндық сәулетшілер болған.  Бірінші қабаты кірпіштен, екінші қабаты бөренеден тұрғызылған. Олардың арасында ішкі байланыс жоқ екен. Ғимараттың қасбеті мен интерьері сәндік сылақпен безендіріліпті. Көпес Янгуразовтың үйі республикалық маңызы бар қала құрылысы мен сәулет ескерткіші болып табылады. Мұнда 2013 жылдан 2016 жылға дейін мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазқайтажаңарту» мемлекеттік кәсіпорнының Батыс Қазақстан филиалы жөндеу-реставрациялау жұмыстарын жүргізген. Бірақ көп ұзамай олқылықтар табылған.

«2022-2023 жылдары Горький көшесін қайта құру жүргізілді, нәтижесінде су бұру арығы бөлшектелді. Жоғарыда айтылғандардың барлығы жертөле қабатының жер асты суларымен су басуына және соның салдарынан іргетастың ішінара бұзылуына әкелді. Бұл қолданыстағы дренаж жүйесі өз міндеттерін жеткілікті түрде орындай алмағандығын көрсетеді. Сондықтан оны ретке келтіру керек», —  дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Асқар Жаменов.

Ғимаратта дереу шешуді қажет ететін мәселелер жетерлік дейді мамандар.

«Ғылыми-жобалық құжаттамаға сәйкес алдағы уақытта нысанда: су бұру жүйелерінің жалпы магистраліне қосылған дренаж жүйесін жаңарту; шатыр құрылымын ішінара ауыстыру; қабырғалардың сыртқы периметрі бойынша қабырғаларды гидрооқшаулау. Сонымен қатар қасбеттерді қалпына келтіру, шығаберіс пен кіреберіс есік блогын негізгі қасбетке көшіру, ішкі бөлмелерді косметикалық жөндеу, қазандықты жөндеу және ауыстыру. Су құбыры, кәріз құрылғысы, қасбеттердегі сәндік гипс қалыптарын қалпына келтіру, сыртқы терезе блоктарын ауыстырып, өрт дабылы мен бейнебақылау жүйесі іске қосылмақ», — деп нақтылады Асқар Жаменов.

Ғылыми- реставрациялау жұмыстарын жүргізуге облыс бюджетінен қаражат бөлініпті. Оның соммасы 236 млн теңгеге жақындайды.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңғы сәйкес, тарих және мәдениет ескерткіштерін өзгертуге тыйым салынған. Жөндеу-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыру, оған қол қойылған күннен бастап 10 айға есептелген. Жұмыс аяқталғаннан кейін ғимарат бұрынғыдай Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының балансына және пайдалануында қалады.

Тағы оқыңыз: СҚО – су тасқыны салдарын жоюға мехбригадалар тартқан жалғыз өңір

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x