Петропавлда 1965 жылы жұқпалы аурулар станционарының негізі қаланды. Бұл қазіргі көпбейінді қалалық аурухананың іргетасы болатын. Содан бері 60 жыл уақыт өтті. Аурухананың атауы бірнеше рет өзгерді, ішінде бөлімдер өзгерді. Бірақ, медициналық қызметкерлердің адал еңбегі, антына беріктігі өзгерген жоқ. Олар миллиондаған адамның өмірін ажалдан арашалап қалды. 60 жыл ішінде медициналық мекеме қабырғасында 800 мыңнан астам ота жасалды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жұқпалы аурулар стационары ретінде ашылған медициналық мекеме қазіргі кезде облыстағы беделді ауруханалардың бірі. Қазір мұнда 560 маман еңбек етіп келеді. Оның 90-ы дәрігер, 243-і орта буын медицина қызметкері. Солардың бірі – Сымбат Әліпбаева. Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің түлегі бүгіндері гинекология бөлімінің меңгеруішісі. Ол науқастанған қыз-келіншектерге шұғыл және жоспарлы түрде көмек көрсетіп келеді.

«Мен аурухана қабырғасында білікті дәрігер ретінде қалыптастым. Аға буын өкілдерінен үйренгенім көп. Әлі де тәжірибе жинақтауым керек. Біздің бөлімде лапаротомиялық және лапароскопиялық гинекологиялық операциялардың барлық түрлері жасалады. Хирургиялық оталар жоғары технологиялық әдістермен өтеді. Операциялардың 80% — ы аз инвазивті лапароскопиялық әдістермен жүзеге асырылады», — дейді Сымбат Әліпбаева.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар ауруханада бүгінде 12 бөлім жұмыс істейді. Аурухананың 60 жылдығына арналған салтанатты жиында осы бөлімдердің ардагерлері мен жас мамандары бас қосты. Оған қоса, ақ халатты абзал жандарға алғысын айтуға пациенттер де келген.

Талғат Хамзинді дәрігерлердің барлығы таниды. Себебі, ол бір ай жансақтау бөлімінде жатқан. Жарты ай ес-түссіз болған. Кейін екі ай хирургия бөлімінде мамандардың қарауында болыпты.

«Мен бүгін дәрігерлерге алғыс айтуға арнайы келдім. 2022 жылы коронавируспен ауырдым, 2023 жылы бір жақ жамбас сүйегіме ота жасады. 2024 жылы панкреатитпен ауырдым. Енді биыл тағы да жамбасыма ота жасалуы керек. Дәрігерлер ылғи жақсы көмектеседі. Былтыр қатты ауырдым. Дәрігерлердің өздері жағдайымды «өте ауыр» деп бағалады. Өліп кетуім мүмкін еді. Бірақ, мені аман алып қалды. Дәрігерлер де, медбикелер мен санитаркалардың барлығы жақсы қызмет етті», — дейді көзіне жас алған Талғат Хамзин.
60 жылдың ішінде қалалық көпбейінді аурухананы білімді де, білікті, елге танымал мамандар басқарды. Олардың басшылығымен 800 мыңға жуық ота жасалды. Миллиондаған адамның өмірін ажалдан арашалап қалды.

Тағы оқыңыз: Жолға жатып алған әйелді басып өткен петропавлдық сотталды