Петропавл қаласы әкімінің есеп беру кездесуіне Солнечный-2 шағын ауданының тұрғындары атынан Айдос Рахымқазиев келді. Оның сөзінше, аталған ауданда су ағарлар орнатылмаған. Сол себепті, жаңбыр жауғанда аудан көшелерімен жүру мүмкін емес. Ауданда жол мәселесі де бірнеше жылдан бері шешілмей келеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Айдос Рахымқазиевтың сөзінше, Солнечный-2 шағын ауданына су ағарларды орнатуға құжат бойынша жыл сайын бюджеттен қаражат бөлінеді. Бірақ ол ақша желге кетіп жатқан көрінеді. Себебі, қазір ауданда жаңбырдан кейін жүру мүмкін емес.
«Біздің шағын ауданда асфальт жоқ. Жаңбыр жауғаннан кейін балалар түгілі үлкендер аяқ алып жүре алмайды. Су ағарлар орнатылса жағдай мүмкін өзгеретін шығар. Бірақ ауданда бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе жетерлік. Мысалы, көшелерде жарық жоқ, қап-қараңғы. Жақында жаңа оқу жылы басталып, оқушылар мектепке барады. Балалар таңертең сабаққа барғанда немесе кешке келе жатқанда қараңғы көшелермен жүруге мәжбүр. Және үйлердегі жарық есептегіштің құжаттары дұрыс емес. Бізге жауапты мамандар жаңасын орнатыңдар дейді. Неліктен біз жаңасын сатып алуымыз керек? Біз ақша төлеп сатып алдық қой бұл баспаналарды», — деді Айдос Рахымқазиев.
Қазір Солнечный-2 шағын ауданында 200 отбасы тұрады. Балабақша жасындағы 202 бүлдіршін бар. Сол себепті мұнда мектепке дейінгі білім беру мекемесін салу қажет. Бұл мәселе де өзекті болып отыр.
«Көршілес тұрған Бірлік шағын ауданында жаңа 90 орындық балабақша салынып жатыр. Ол жерде орын толып қалатыны айтпасада белгілі. Біз балаларымызды орталықтағы бақшаға әкелуге мәжбүрміз. Кейібірінің жағдайлары келмейді. Жалғызбасты аналар көп. Олар үйді арнайы бағдарлама бойынша алған», — деді тұрғын.
Жиынға Солнечный-2 шағын ауданының бірнеше тұрғыны да келді. Олардың сөзінше, бұл ауданда балаларға арналған ойын алаңдары да жоқ екен. Серік Мұхамедиевтен осы мәселені шешіп берулерін сұрады.
«Мен бұл шағын аудандағы мәселелерден хабардармын. Осыған дейін де менімен кездесуге келіп едіңіздер. Шағын ауданда тек екі қосалқы станция жұмыс істеген болатын. Енді алдағы уақытта тоғыз станция жұмыс істейтін болады. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көшелерге де жарық беріледі. Ал су ағарларға биыл қаражат бөлінген жоқ. Келесі жылы Бірлік шағын ауданында жұмыстар жасалады. Сол кезде сіздердің аудандарыңызда да орнататын боламыз. Ал жолға келсек. Әзірге тек автобус жүретін жолдар жөнделетін болады», — деді қала әкімі Серік Мұхамедиев.
Тағы оқыңыз:Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге үй салып жатқан құрылысшылар жалақыларын ала алмай жүр