Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында спортты дамыту — аса маңызды міндет екені жазылған. Осыған орай Петропавлда әмбебап теннис орталығы қолданысқа берілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Әлеуметтік тұрғыда аса маңызды нысан 2018 жылы ашылғаны көпке мәлім. Араға бірнеше жыл салып, ғимарат сыр берді, шеберлік шыңдалатын жерлерден ақау табылды. Салдарынан қолдарына ракетке ұстаған жастар жаттығуды тоқтатты. Орталық биыл қайта жаңғыртудан өтті.
«Өздеріңіз жақсы білетіндей, қаламыздағы теннис орталығы біраз жыл тұралап тұрды. Бұған апаттық жағдай себеп болды. Бұл мәселені шешу қажеттігін түсіндік. Тиісті қаржы қарастырылды, іске жауапкершілікпен қарайтын мердігер конкурсты ұтты. Компания өкілдерімен ауқымды жұмыс атқарылды. Нәтижесін сіз бен біз көріп отырмыз», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жалпы аумағы жеті мың шаршы метрден асатын әмбебап теннис орталығы халықаралық стандарттарға сай келеді. Ішінде төрт корт болса, сыртта үш корт салынған. Ойындарды 1200 адам тамашалай алады.
Жаңғырту кезінде сапалы материалдар қолданылыпты. Мысалы, төсеніш сонау Америкадан жеткізілген. Қазір орталықта алғашқы сайыс өтіп жатыр. Бұл доданың деңгейіне құрметті қонақтар жоғары баға берді.
«Біздің стратегия бойынша Қазақстанның әр қаласында заманауи теннис кешені болуы қажет. Жастар жаттығу жасауы, жарыстар өтуі міндетті. Сіздерде СҚО әкімінің кубогі өтіп жатыр екен. Бұл сайыстың болашағы зор деп ойлаймын. Осындай жарыстарда балалар тәжірибе жинап, халықаралық аренаға шығады деп сенеміз», — Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Бауыржан Досқараев.
Қайта жаңғырту жұмыстарына 388 млн теңге жұмсалған. Қазіргі таңда орталықта 275 адам жаттығады, ал қызметкерлердің штаттық саны 14-ті құрайды. Заманауи нысанда облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Жоспар бойынша қаламызда Қазақстан теннис федерациясы бекіткен алғашқы ірі дода қаңтар айында ұйымдастырылады.
Тағы оқыңыз: Тәуелсіздік күні СҚО-да 11 сәби дүниеге келді

