Жабық зират — ашық мәселе. Новопавловкадағы зираттардан қоқыс шығарып беруді өтініп, Петропавл қалалық әкімдігіне Мария Журавлева жүгінді. Ескі ескерткіштер, тасталған гүл шоқтары мен сынған пластмасса аз ғана күнде таудай болып үйіледі екен. Аяқ алып жүруге мүмкіндік бермей отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мария Журавлева Новопавловкадағы ескі зиратқа жиі барып тұрады. Жалғыз ұлын жер қойнына тапсырған әйел енді оның қабіріне үнемі барып ,зиярат етеді. Ол күзде қоқыс көбейетінін айтты. Барлығы туған-туыстарының, жақындарының молаларын ретке келтіруге асығады.
Бірақ жерлеу орнындағы қалдықтар зират аумағынан асып, Солнечный және Бірлік ауылдарына апаратын жол бойына дейін «жайылып» кеткен. Зейнеткердің айтуынша, жерлеу орнына қараушылар ірі көлемдегі қалдықтарды өздерімен бірге алып кетіп, ең жақын көшедегі контейнерлерге тастауды ұсынады.
Бірақ көпқабатты үйлердің тұрғындары қоқыстарды өз аулаларына жинауға дайын ба? Мария Журавлева техника жалдап, қоқысты өз күшімен шығаруға да дайын. Алайда ұйымдастыру барысында қиындықтарға тап болған. Ол өз мәселесін Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелеховке жеткізді.
«Барлығын өзім істегім келеді, бірақ жалғыз қолымнан келмейді. Адамдар көмектесуге дайын, бірақ үйлестіру жоқ. Қайда жүгіну керек, кім айналысады — түсініксіз», — дейді ол.
Әкім орынбасары жағдай бақылауда екенін және бұл мәселе туралы Серік Мұхамедиевтің хабардар екенін атап өтті. Зират ресми түрде жабық саналса да, әкімдік тазалық жұмыстарына көмек көрсететінін уәде етті.
«Онда техника жіберіп, ретке келтіру мүмкіндігін қарастырамыз. Бұған дейін де көмек көрсеткенбіз: қаптар мен көлік бөлдік. Келесі жылы бұл зиратты тазаланатын нысандар тізіміне қосуды жоспарлап отырмыз», — деді ол.
Осылайша мәселенің шешілуіне үміт бар. Тұрғындардың бастамасы мен билік қолдауы болса, ескі зиратты тазалау сияқты күрделі істі де жүзеге асыруға болады. Айта кетейік, биыл да белсенді тұрғындар өз күштерімен Новопавловкадағы ескі зиратқа апаратын ойылған жолды жөндеп, тегістеп шыққан еді.
Тағы оқыңыз: Елімізде жүргізуші куәлігін алғаш рет рәсімдеу тәртібі өзгерді