Петропавл жылу электр орталығындағы апатқа кінәлі деп танылған кәсіпорын қызметкерлері ақталды. Бүкіл елді дүрліктірген істің нүктесі Петропавл қалалық сотында қойылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Еске салсақ, былтыр Петропавл жылу электр орталығының түтін мұржасы опырылып түскен еді. Салдарынан кәсіпорында еңбек ететін әйел үйінділердің астында қалған болатын. Кісі өліміне әкелген апатқа қатысты мекеменің 3 қызметкері айыпты деп танылды. Қаңтар айынан бастап даулы іс бойынша сот процестері өткізілді. Жуырда болған сондай сот отырыстарының бірінде марқұмның күйеуі қамауға алынған компанияның бұрынғы директоры, бас инженер мен қазандық цехі бастығының жазығы жоғын мәлімдеді. Прокурорлар оларды қатаң жазалауды сұрағанымен, сот басқа үкім шығарды.
“Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша жылу электр орталығының бұрынғы директоры Ержан Қоңырбаевты, бас инженер Сергей Торохтий мен қазандық цехінің бастығы Сергей Марченконы кінәсіз деп танып, жазадан босатты. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін, құқық бұзушыларды анықтау үшін іс облыс прокурорына жіберіледі. Айта кетерлік жайт, жылу электр орталығы бастапқыда сапасыз материалдан салынғаны анықталды. Әрі бірқатар олқылықтар тіркелді. Кейінгі тексеру жұмыстарында аталған проблемалар шешілмегені белгілі болды”,- деді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 4 мектеп әлі күнге дейін жаңа оқу жылына дайын емес