Петропавлда алғаш рет әкімшілік жазалау шарасы ретінде қоғамдық жұмыстарға тарту шарасы қолданылды. Сот шешімі бойынша отбасының берекесін алған петропавлдық азамат 20 сағат қоғамдық жұмыс істейтін болды, деп жазады Qazaqstan Media.
Үйінде бейәдеп сөз айтып, отбасы мүшелерін кемсіту, сыйламау, қорлау. Бұлардың барлығы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық болып табылады. Осындай заң бұзушылыққа жол берген К есімді петропавлдық енді 20 сағаттық қоғамдық жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, полицияның өтініші бойынша құқық бұзушыға алты ай мерзімге алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салынды.
«Атап өту қажет, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енді. Сондықтан сот тәжірибесінде алғаш рет әкімшілік жауаптылық шарасы ретінде қоғамдық жұмыстар қолданылды»,- деп хабарлады Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты.
Аталған қаулы заңды күшіне дереу енді. Петропавлдық азаматтың қандай жұмыстар істейтінін қала әкімдігі шешетін болады. Мұндай үкімді Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қабылдады.
Тағы оқыңыз: №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде Отбасы күніне арналған спорттық сайыс өтті