Петропавлда көріпкел мен тұрғын арасында делдал болып, алаяқтыққа барған әйел сотталды. Бұған дейін де алаяқтық үшін сотталған келіншек отбасылық проблемасы бар құрбысына «жақсы сыған балгерін» тауып бергендей болған. Бір қызығы, жәбірленуші мен көріпкел бір-бірімен ешқашан кездеспеген. Олар тек сотталған әйел арқылы хабарласып келген, деп жазады Qazaqstan Media.

«баба Катя» бар…

4,5 млн теңге — осынша қаражатты Лариса Долгушина өз отбасын сақтап қалу үшін көріпкелге берген.

Былтыр күзде ол құрбысы Елена Бекетоваға хабарласып, басындағы жағдайын айтып, үйдегі тыныштықты сақтап қалудың жолын сұраған. Сол кезде сотталушы Елена Бекетова оған жақсы сыған балгер танысы — «баба Катя» бар екенін айтады. Тіпті балгер киелі жерлерге баратынын, балауыз құятынын айтып сендірген. Осылайша, «отбасылық көріпкелмен» байланыс басталған. Алғашында сурет сұраған, кейін жеке заттарын әкелуді талап еткен. Барлығы — «бақытты отбасын құру үшін керек» деп түсіндірген.

«баба Катя марқұм болып кетті»

Бір қызығы, Лариса «баба Катяны» өмірінде көрмеген. Тек Елена арқылы немесе WhatsApp-тағы ортақ чат арқылы сөйлескен. Кейін ол балгермен бетпе-бет кездесуді өтінгенде, сотталушы «баба Катя марқұм болып кетті» деп айтқан. Көріпкелдің шын өмірде болған-болмағанын жәбірленуші әлі күнге дейін білмейді.

Он айдың ішінде Лариса Долгушина Елена Бекетоваға жалпы сомасы 4,5 млн теңге берген. Ең аз сомасы — 4 мың теңге, ең көбі — 700 мың теңге. Бұл ақшаға көріпкел отбасындағы барлық мәселені шешіп беремін деп уәде еткен.

Балгерге ақша беру үшін Лариса әпкесінен көмек сұрап, 3 млн теңгеге кредит алдыртқан. Қалғанын қарызға алып жинаған. Соңғы рет 80 мың теңгені ол танысынан қарызға алып берген. Сол кезде танысы күмәнді іс екенін ескерткен.

«Отбасымдағы мәселе туралы туғандарыма айтпағаныма өкінемін. Қорықтым. Балгер-көріпкелдер көмектеседі деп ойладым. Маған отбасым қымбат, үйде тыныштық болғаны керек еді», — дейді Лариса.

Тамыз айының басында Лариса алданып келгенін түсінген кезде сотталушыдан ақшасын қайтаруды талап еткен. Бірақ Елена өзінде ақша жоқ екенін айтып, бас тартқан. Құрбысының сотталғанын қаламаған Лариса мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқан. Алайда нәтиже болмаған соң сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Елена Бекетованың бұл бірінші алаяқтығы емес. Былтыр ол өз тәтесін алдап, 1 млн теңгесін алған. Ол кезде әйелге 4 жыл шартты жаза тағайындалған еді. Енді міне, тағы да сот үкімі шықты.

«Сот Елена Николаевна Бекетованы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», — деп үкімді судья Азамат Әшімов оқыды.

Сондай-ақ, сот бірінші үкім бойынша өтелмеген жазаны жаңа жазаға ішінара қосу туралы қаулы шығарып, тағы бір жыл қосты. Алайда Елена Бекетова темір торға тек үш жылдан кейін барады, себебі оның жас балалары бар.

Тағы оқыңыз: СҚО-да көпбейінді облыстық ауруханаға Нұрлан Айманов бас директордың м.а. болып тағайындалды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *