Петропавлдағы білім беру ошақтарында буллинг белгілерін анықтайтын арнайы жүйе орнатылды. Қазіргі кезде мұндай бейнекамералар облыс орталығындағы Ә. Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін мектепте орнатылған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Биыл қараша айының соңында №25 жалпы білім беретін мектептің бейне камераларына «Protector AI» жүйесі орнатылды. Оның ерекшелігі — буллинг белгілерін бірден анықтайды. Жасанды интеллект оқушылар арасындағы төбелестің, буллингтің алдын алуға көмектеседі. Небәрі сегіз секунд ішінде жүйе жазбаны арнайы телеграм-ботқа, ата-аналарға және мектеп директорына жібереді.
«Жазбалар жүйені жасаушылар және мектеп директорлары отырған телеграм-каналға түседі. Сол сәттен бастап психологиялық қызмет мамандары — біз мән-жайды анықтауға кірісеміз, балаларды, сынып жетекшілерін шақырып, бұл оқушылардың арасындағы ойын ба, әлде агрессия, күш көрсетіп қорлау ма екенін білеміз. Бұған дейін осы жүйе арқылы бізге бірнеше бейнежазба келіп түсті. Бірақ олардың барлығында балалар бір-бірімен ойнаған, яғни буллинг анықталмады», — дейді Ә. Бөкейханов атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектептің әлеуметтік педагогы Бағлан Жақыпова.
Айта кетейік, елімізде балалар қауіпсіздігі бойынша бұл жоба алғаш рет біздің өңірде қолға алынған. Бұл жасанды интеллект бар бейне камералар тәулік бойы жұмыс істейді. Қазіргі кезде мұндай бейнекамералар Петропавлдың өзге мектептеріне де қойылып жатыр.
Тағы оқыңыз: Көзіне пышақ кіріп кеткен: Петропавлда жарақат алған үш жасар бала жансақтау бөлімінде жатыр