Қызылжар ауданы Якорь ауылының маңында қоқыс полигоны салынбақ. Бұл туралы СҚО бойынша экология департаментінің басшысы Талғат Сәбиев айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өңірде тұрғындардың қоршаған ортаға деген құрметі артып келеді. Бұлай деуімізге бірден-бір себеп — рұқсат етілмеген жерлерге қалдықтардың тасталу көрсеткішінің азаюы. Осыдан бес жыл бұрынғы дерекпен бөлісейік. 2021 жылы аймақта белгіленбеген орынға қоқыс тастаудың 313 фактісі тіркеліпті. Ал былтыр бірнеше есе төмендеу орын алған.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мәліметтеріне сәйкес, былтыр облыс аумағында рұқсатсыз қалдықтар тасталған 62 орын анықталды. 2024 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 54-ке азайды. Барлық қоқыс орны жойылды. Бұл жайлы бізге жергілікті атқарушы органдар хабарлады», деді СҚО бойынша экология департаментінің басшысы Талғат Сәбиев.
Өңірде қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындарын анықтау мақсатында мобильді топтар да жұмыс жүргізді. Мамандар 12 рет көшпелі тексеруге шыққан. Нәтижесінде бірнеше бұзушылық анықталды. Тіркелген деректер бойынша әкімдерге айыппұл салынды.
«Қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру фактілері жөнінде жүргізілген тексерулер нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экология департаментіне 9 материал жолданды. Олар аймақтағы 6 ауылдық округке қатысты болды. Қарау кезінде 7 әкімшілік іс қозғалып, ауылдық округтердің басшылары жауапқа тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 206 430 теңгені құрайды», — деді спикер.
Петропавлға қоқыс полигоны қажет. Бұл мәселенің көтерілгеніне біраз болды. Алайда, әлі нақты шешім қабылданар емес. Көпшіліктің көкейіндегі сауалды спикерге қойдық.
«Қазіргі таңда қоқыс полигонын салу үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан жер бөлінген. Аумақ Қызылжар ауданындағы Якорь ауылы маңында орналасқан. Бүгінде жобалар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Талап бойынша ауыл және Петропавл қаласы тұрғындарымен қоғамдық тыңдалым ұйымдастырылады. Содан кейін ғана құрылыс басталады», — деді Талғат Сәбиев.
Құрылыс биыл басталады деп айта алмаймыз. Спикер арнайы жүргізіліп жатқан сараптаманың қорытындысын күту қажеттігін алға тартты. Брифинг соңында департамент басшысы Талғат Сәбиев тұрғындарды экологиялық мәдениетті сақтауға шақырды.
Тағы оқыңыз: Конькимен жүгіруші Надежда Морозова сынға түсетін күндер белгілі болды

