Петропавл қысқа дайын. Биыл қала көшелерін қардан 150-ге жуық техника тазалайды. Бұдан бөлек, 3500 м3 тұз-құм қоспасы әзірленген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биыл қақаған қыста Петропавл көшелерін қардан тазалауға 150- ге жуық техника жұмылдырылады. Қалыпты жұмыс істеу үшін бұл жеткілікті. Дегенмен, қажет болса, қосымша техника мен жұмыс күшін тартуға мүмкіндік бар дейді қалалық әкімдіктегілер.
«Петропавл қаласында жолдарды қысқы күтіп ұстау мердігерлік шарт негізінде жүзеге асырылады. Бүгіндері «Благоустройство Север» ЖШС және «Грандо» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Қалаға қызмет көрсету үшін мердігерлерде барлық қажетті техника бар. Компаниялар қажет деп санаса, техникасын өздері жаңартады. Биыл олар жаңа автогрейдерлер, тиегіштер және щеткалары бар тракторлар сатып алды», — деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Qazaqstan Media желілік басылымының сұрауына жауап берген мамандар 3500 м3 тұз-құм қоспасы әзірленгендігін айтты. Бұл көктайғақ кезінде аялдамалар маңын, тротуарлар мен жолдарды себуге қажет.
«Облыс орталығында қар шығаратын үш полигон бар. Олардың бірі өндірістік аймақта, Ғ. Мүсірепов пен М. Әуезов көшелерінің аралығында орналасқан. Тағы Заречный мен Жұмысшы кенттерінде де бар. Соңғысы қосымша полигон ретінде қолданылады. Қар көп жауған жағдайда жиналған ақ ұлпа сол жерге шығарылады», — дейді мамандар.
Жыл басталғалы бері жолдарды күтіп ұстауға бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бидай тиелген тіркеме аударылды