Петропавлда көшелерден қар тазалау жұмыстары қарқын алды. Қазіргі таңда бұл іске барлық мердігер ұйымдар жұмылдырылған. Әсіресе тротуарлар мен әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарды тазалауға баса назар аударылып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қала көшелеріндегі қар тазалау және қоқыс шығару жұмыстарының барысын тексерді. Ол тұрғындардың өтініш-шағымдарын назарға алып, жедел әрекет ету керектігін тапсырды. Сонымен қатар қаланың тазалығына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаланы кешенді түрде аралап шықтық. Әлеуметтік нысандарға кедергісіз қатынауды қамтамасыз ету үшін түнгі уақытта жолдарды тазалаудың нақты жоспары жасалды. Қар шығару жұмыстары күнделікті бақылауда », – деді Марат Тасмағанбетов.
Қар жауған уақыттан бері Петропавл қаласынан 110 мың текше метр қар шығарылған. Жұмыстарды жеделдету мақсатында қалаға 20-ға жуық жаңа арнайы техника сатып алынды. Қар шығару процесі цифрлық жүйе арқылы қадағаланып отыр. Полигондарда жұмыс істейтін барлық техникаларға GPS-трекерлер орнатылған. Бұл олардың қозғалысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді.

Қар тазалау жұмыстарымен бес мердігер компания айналысады. Солардың бірі – «КазМехМонтаж» компаниясы. Бұл ұйым орталық көшелерді тазалап, көлік пен жаяу жүргіншілер көп жүретін жолдарды қардан аршып келеді.
«Біздің қарамағымызда 40-қа жуық техника бар. Олардың қатарында самосвалдар мен грейдерлер жұмыс істеп жатыр. Күніне 1,5–2 мың текше метр қар шығарамыз. Назарбаев, Жұмабаев, Жабаев, Әуезов және Интернационал көшелерінде тұрақты жұмыс жүргізудеміз», – деді «КазМехМонтаж» ЖШС директорының орынбасары Жанат Ғалиев.
Қала көшелерін қардан тазалау жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Тазаланған жолдарға құм-тұз қоспасы төселеді. Ал аялдамалар мен бордюр маңдары қолмен тазартылады.
Тағы оқыңыз: WhatsApp-та алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

