2025 жылдың он бір айының қорытындысы бойынша Петропавл қаласы әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан орнықты өсім көрсетті. Жүйелі жаңару кезеңіне нық қадам басты. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев тұрғындармен кездесуде жасаған есептік баяндамасында мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, биылғы нәтижелер – жоспарлы жұмыстың, тиімді басқарудың және мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нақты көрініс, деп жазады Qazaqstan Media.
18 желтоқсандағы жағдай бойынша Петропавл қаласының бюджеті 94,2 млрд теңгені құрап, оның 65,7 млрд теңгесі бекітілген. Бұл қаражат ең алдымен әлеуметтік салаға, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, жол жөндеу мен тұрғын үй құрылысына бағытталды.
«Біздің негізгі мақсатымыз – әрбір бөлінген теңгенің нақты нәтижеге жұмыс істеуі. Қаражат халықтың өмір сапасын жақсартуға, қала инфрақұрылымын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталды», – деді әкім.
Өнеркәсіп – экономиканың локомотиві
2025 жылғы қаңтар–қараша айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 549,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 34,1 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 462,5 млрд теңге тиесілі.Әкім бұл көрсеткіштерді қаланың өндірістік әлеуетінің артуымен байланыстырды.
«Петропавл бүгінде тек әкімшілік орталық емес, өңірдің ірі индустриялық хабына айналып келеді. Кәсіпорындарды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және инвестиция тарту – біздің басым бағыттарымыздың бірі», – деп атап өтті ол.
Инвестициялық белсенділік және жаңа жобалар
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 182,4 млрд теңгеге жетіп, 11,7 пайыздық өсім көрсетті. Бұл – қала экономикасына деген сенімнің артып келе жатқанын білдіреді. Инвестициялар өнеркәсіппен қатар құрылыс, көлік, логистика және әлеуметтік нысандар салуға бағытталды.
Биыл 154,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың деңгейі сақталды. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 74,1 млрд теңгеге жетіп, 18,9 пайызға өсті. Бұл қала аумағында жаңа тұрғын үй кешендерімен қатар мектептер, балабақшалар мен әлеуметтік нысандардың салынуына мүмкіндік берді.
Бөлшек сауда көлемі 272,7 млрд теңгені құрап, 10,3 пайызға артты. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 21,2 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 59,4 пайыздық өсім көрсетті. Қала маңындағы агроөндірістік кешендер мен қайта өңдеу бағытындағы жобалар бұл салаға серпін беріп отыр.
Алдағы жоспарлар – тұрақты даму және халық игілігі
Есептік кездесуді қорытындылай келе, қала әкімі алдағы кезеңге қойылған міндеттерге тоқталды. Олардың қатарында инженерлік желілерді жаңарту, жол инфрақұрылымын жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бар.
«Алдымызда ауқымды жоспарлар тұр. Бірақ ең бастысы – біз тұрғындардың ұсынысы мен пікірін ескере отырып жұмыс істейміз. Петропавл – ортақ үйіміз, оның дамуы әрбір тұрғынның әл-ауқатына тікелей байланысты», – деді Серік Мұхамедиев.
2025 жылдың он бір айындағы нәтижелер Петропавл қаласының даму жолы дұрыс таңдалғанын дәлелдейді. Бұл көрсеткіштер – тек статистика ғана емес, қала болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік беретін нақты істердің нәтижесі.
Тағы оқыңыз: Петропавлда шығармашыл және мүмкіндігі шектеулі балалар шырша безендірді

