Наурыз мейрамы Петропавлдағы көпқабатты баспаналардың аулаларында тойланды. Мұнда ауқымды концерт қойылып, ұлттық тағамдар таратылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл — Чайковский көшесі бойында орналасқан 13-ші үйдің алды. Мұнда жыл сайын Ұлыстың ұлы күні аталып өтіледі. Биыл салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, жерлестерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Шара барысында пәтер иелері кооперативінің төрағаларына тұрмыстық заттар табысталды. Ауа райы мейірін төгіп тұр. Тұрғындар мәре-сәре. Балалар асыр салып ойнаса, үлкендер көңілді музыкаға биледі. Барлығы концертті қызыға тамашалады. Думан халықтың көңілінен шықты.
Шараға 100-ден астам адам қатысты. Айта кету керек, биыл облыста 80-ге жуық көпқабатты баспананың ауласы жөндеу көреді.