Жаңа жылдан бастап солтүстікқазақстандықтар Алматыға қатынау үшін әуе билеттерін таппай дал. Осы мәселеге қатысты редакциямызға қала тұрғындарынан хабарламалар келіп түсуде. Qazaqstan Media тілшісі жағдайды Солтүстiк Қазақстан облысы жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасынан сұрап білді.
Аружан өткен жылы мектеп бітіріп Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне түскен. Алғашқы сессиясын аяқтаған бойжеткен Жаңа жылды ата-анасымен қарсы алу үшін үйіне келмек болған. Алайда не пойызға, не ұшаққа билет таппаған студент Петропавлға тек қаңтардың 15-і ғана келген.
«Желтоқсан айының ортасында үйге қайту үшін ұшақ пен пойызға билеттерді қарай бастадым. Бірақ мереке болғандықтан билеттер болмады. Сосын Жаңа жылды сол жақта қарсы алуға тура келді. Ал қаңтар айында ұшаққа билеттер мүлдем болмады. Пойызға да жоқ. Ал өзге қалалар арқылы Петропавлға келу тым қымбат. Алматы-Петропавл әуе рейсі қашан пайда болады деп күнде қарап, шаршаған соң Астанаға дейін ұшақпен келіп, сосын Петропавлға әйтеуір жеттім», — дейді Аружан.
Бірақ Алматыға әуе билеттері әлі күнге дейін сатылымда жоқ. Жағдайды Солтүстiк Қазақстан облысы жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев түсіндірді.
«Петропавл мен Алматы арасындағы субсидияланған авиарейстерге алғашқы конкурс желтоқсан айының соңында жарияланған болатын. Алайда ол кезде бір ғана компания өтінім берді. Сондықтан конкурс өткен жоқ. Содан 16-шы қаңтарда тағы жарияланып, ол байқау да өтпей қалды. Келесі конкурсқа құжаттарды қабылдау 27-ші қаңтар күні аяқталады. Оның қорытындысын көлік министрлігі жариялайды», — деді Солтүстiк Қазақстан облысы жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев.
Айта кету керек, былтыр осындай байқауды ЅСАТ компаниясы жеңіп алған болатын. Билет құны 30 мың теңгені құрады. Ал биыл оның бағасы қанша болатыны белгісіз. Билет құнын министрлік белгілейді.
«Министрлік ұшақтың ұшу уақытын да анықтайтын болады. Жалпы барлық процедуралар бір-екі аптаға жалғасады. Ал ақпан айының басында әуе рейстері қайтадан жанданады деген үміттеміз», — деп толықтырды Ерден Шортыбаев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да криптовалютамен заңсыз айналысып, 681 млн теңге пайда тапқан үш тұрғын сотталды