Петропавл жылу-электр орталығы – Солтүстік Қазақстанда ауаны ең көп ластайтын кәсіпорын. Қоршаған ортаға түсетін зиянды заттардың шамамен 70 %- ы осы нысанға тиесілі. Сол себепті, облыстың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында «Севказэнерго» АҚ 2020-2025 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешудің Жол картасына енгізілген. Онда атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын азайту шаралары қарастырылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
2022 жылы «Севказэнерго» АҚ атмосфераға ластағыш заттардың шығарылуын 2021 жылмен салыстырғанда 27,8%-ға төмендеткен. Былтыр кәсіпорын жылу және электр энергиясын өндіруге 2323 мың тонна Екібастұз көмірі мен 3,2 мың тонна мазут жұмсаған. Осылайша, 2021 жылмен салыстырғанда көмірді тұтыну 3,5 пайызға, мазут 17,9 пайызға төмендеген. «Севказэнерго» АҚ былтыр алты қазандықты жөндеуден өткізіп, көмір шығынын 22 099 тоннаға қысқартты.
«2023 жылға кәсіпорынның жоспары ауқымды. Биыл зауыттың қазандық қондырғыларын қайта құруды, кәсіпорын қызметінің сандық және сапалық көрсеткіштерін бақылау бойынша жұмыстарды жүргізбекпіз. Ал ең бастысы жаңа мұржаның құрылысын қадағалаймыз. Сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртып, әкімшілік аумағында жасыл желектердің алқаптарын ұлғайтуды да ойлап отырмыз»,-дейді «Севказэнерго» АҚ қоршаған ортаны қорғау басқармасының жетекшісі Николай Максимов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 1 мамырда саяжай маусымы ашылады