Петропавлда Ұлы отан соғысының ардагері Василий Макиенко 99 жасқа толды. Туған күн иесін шаһар басшысы Серік Мұхамедиев пен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының ұжымы құттықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Василий Макиенко 1926 жылы 24 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы Волошинка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы ол майданға шақырылып, 44-ші 142-ші атқыштар полкінде және 317-ші гвардиялық атқыштар полкінде қызмет еткен. Соғыс жылдары көрсеткен ерлігі үшін қарт майдангер ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, сондай-ақ «Кенигсбергті алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Сұрапыл соғыс аяқталған соң елге оралған Василий Васильевич еңбекке араласады. Ең алдымен сумен жабдықтау, кейін техникалық жабдықтар өндірісі саласында жұмыс істеген. Ал 1960 жылы зейнетке шыққан.
Ардагерді туған күнімен құттықтауға келген қала әкімі Серік Мұхамедиев Василий Васильевичке естелік сыйлық табыстап, бейбіт күн сыйлағаны үшін алғысын білдірді.
«Сұрапыл соғыс жылдары жасаған ерлігіңіз үшін және бейбіт күн сыйлағаныңыз үшін сізге алғысымыз шексіз. Соғыстан кейінгі уақытта да елімізді дамытуға зор үлес қостыңыз. Сіздің жүріп өткен жолыңыз ұрпаққа үлгі», — деді қала әкімі.
Қарт майдангерді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының ұжымы да құттықтады.
Тағы оқыңыз: Республикалық конкурстан жүлделі оралған солтүстікқазақстандық ұстаздар тәжірибелерімен бөлісті