Жастар күні қарсаңында Петопавл қаласының әкімі облыс орталығының белсенді жастарымен, еріктілермен кездесті. Өңіріміз бен еліміздің тағдырына бей-жай қарамай, түрлі шаралардың бел ортасында жүретін қыз-жігіттерді марапаттады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қазіргі кезде Петропавлда шамамен 14 пен 35 жас аралығында 57 мыңға жуық азамат тұрады. Олардың басым бөлігі қаладағы жастар орталығының жұмысымен жақын таныс. Әсіресе, көктемгі су тасқыны қыз-жігіттердің еңбекқорлығын, бірлігін көрсетті, дейді орталық жетекшісі Дамир Абдин.
«Біз су тасқыны кезінде өзіміз штаб құрдық. Халықты қауіпсіз жерге көшіруге көмектесіп, құм салынған қапшықтарды тасыдық. Одан кейін гумманитарлық көмек тарату жастар белсенді болды»,- деді Петропал қалалық жастар орталығының жетекшісі Дамир Абдин.
Биыл орталық еріктілердің қатысуымен 206 іс-шара өткізіп, 17 мыңға жуық адам қамтылған.
Сондай-ақ NEET санатындағы оқымайтын және жұмыс істемейтін жастармен жұмыс жүргізілуде. Мұндай жастар саны 6700 адамды құрайды.
«Біз жастарды еңбекке тарту үшін түрлі кездесулер өткіземіз. Оның ішінде мансаптық жұмыспен қамту орталығымен және «Атамекен» ұлттық палатасының кәсіпкерлерді қолдау бөлімімен бірлесе отырып, өз ісін бастағысы келетін жастарға көмек көрсетіледі. Қаламыздың оқу орындарының студенттерімен жазғы жұмысқа және «Жасыл ел» жастарға арналған бағдарламаларға, студенттік отрядтарға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз», — деп нақтылады Дамир Абдин.
Жастар ресрустық орталығында өткен кездесу барысында қала әкімі Серік Мұхамедиев жастарды мерекемен құттықтап, оларды өзгерістерге тез бейімделіп, тың идеяларды жүзеге асыратын күш деп атап өтті.
«Жастар жаңашылдыққа ұмтылып, түрлі идеяларды жүзеге асыруға асығады. Сондықтан мен мемлекеттік қызметте жастардың болғанын қолдаймын. Жастар қазір біздің қозғаушы күшіміз»,- деді кездесуде Петропавл әкімі.
Кездесу еркін әңгіме форматында өткендіктен, жастар шаһарды абаттандыру, көріктендіру бойынша өз ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.
«Біз-өңіріміздің дамуына өз үлесін қосуға ұмтылатын белсенді жастар бірлестігіміз.
Соңғы уақытта біз бірқатар жобаларды жүзеге асырдық, ол —
этносаралық келісімді нығайту және толеранттылықты насихаттау; мәдени фестивальдар мен дөңгелек үстелдер, түрлі этнос өкілдерімен кездесулер өткізу.
Біздің өңірде жастар үшін жаңа әлеуметтік мүмкіндіктер жасауға, білім деңгейін арттыруға, білім алуға бағытталған түрлі және қызықты жобалар өте көп.
Біз-Қазақстанның болашағымыз, және біз оның жарқын әрі табысты болуы үшін бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз!
Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Бұл айтулы күнді атап өту үшін қазірден дайындықты бастадық», — деді өз
сөзінде «Ассамблея жастары» СҚФ төрағасы Дариға Смайылова.
Жастармен кездесудің соңында қала әкімі қаладағы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан қыз-жігіттерге алғыс хаттар табыстап, марапаттады.
Олардың қатарында Qazaqstan Media желілік басылымының директоры Тимур Жұманов та бар.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бес жыл бойы салынып жатқан аурухананың қашан ашылатыны белгілі болды