Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары тұрғын үй заңнамасын бұзғандарды анықтады. Мұндай жағдайлар өңірдегі бірқатар аудандар мен Петропавл қаласында тіркелген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Мәселен, Аққайың, Айыртау, Ақжар, Есіл, Шал ақын, Уәлиханов, Тимирязев аудандары мен Петропавл қаласының жергілікті атқарушы органдары «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының талаптарына қарамастан, адамдардан тұрғын үй үшін ай сайынғы жалдау ақысын алмаған. Нәтижесінде олардың қарызы 72,2 млн теңгеге жеткен.
«Айыртау, Аққайың, Есіл, Шал ақын, Тимирязев, Уәлиханов аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдері тұрғын үй сатып алған 170 тұрғынды кезектен шығармаған. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар (оның ішінде Айыртау ауданы әкімінің орынбасары) тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 2,3 млн теңге сомасына жалдау төлемдері ішінара өндірілді, қалған берешек бойынша жұмыс жалғасуда», — делінген ҚР Бас прокуратурасы ұсынған ақпаратта.
Ал Петропавл қаласы ТКШ бөлімі жергілікті атқарушы органда кезекте тұрмаған адамдарға жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйді негізсіз беріп келген.
«Осыған қатысты Петропавл қаласының прокуроры сотқа жалдау шарттарын жарамсыз деп тану және заңсыз тұратын адамдарды оларға басқа тұрғын үй бермей шығару туралы 2 талап арызды енгізген. Соттың 29.10.2024 жылғы және 15.11.2024 жылғы шешімдерімен прокурордың талаптары толық көлемде қанағаттандырылды. Бүгінгі таңда сот актілері заңды күшіне енді», — деп толықтырды құзырлы органдағылар.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда бірқатар мемлекеттік электрондық сервистерге уақытша шектеу қойылады