Солтүстік Қазақстан облысында биыл мәдениет нысандарын жөндеуге және жаңа жобаларды іске асыруға 1 млрд 141 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Miras» қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында айтылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Жиын барысында Солтүстік Қазақстан облысының мәдени мұрасын сақтау және дамыту мәселелері талқыланды.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдіриісовтің айтуынша, биыл өңірде 13 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде Қарасай-Ағынтай мемориалдық кешенін ғылыми-реставрациялау жұмыстары да бар. Бұл жобаға 200 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, Уәлиханов ауданындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесін жөндеуге 150 млн теңге бағытталмақ.
Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасын зерттейтін «Мағжан орталығы» да ашылады. Бұл орталық қазақ әдебиетінің көрнекті өкіліне арналған зерттеу және мәдени орынға айналмақ. Жобаға 243 млн теңге қарастырылған.
Айрықша жобалардың бірі – Петропавл қаласының кіреберісіне Ботай мәдениетіне арналған монумент орнату. Бұл бастама археологиялық мұраны дәріптеуге және ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған. Аталған жобаға 160 млн теңге бөлінді.
«Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтаев Ботай мәдениетіне ерекше мән беру керектігін атап өтті.

«Ботай қонысы – жылқыны алғаш қолға үйреткен өркениеттің дәлелі. Бұл – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы маңызды оқиға. Сондықтан осы тарихи мұраны насихаттау – біздің міндетіміз. Ботай мәдениетіне арналған монумент еліміздің тарихи-мәдени келбетін айшықтайтын нысанға айналады», – деді Аманжол Әлтаев.
Солтүстік Қазақстан облысында қолға алынған бұл жобалар өңірдің мәдени әлеуетін арттырып, тарихи мұраларды сақтау мен насихаттауға үлкен үлес қоспақ.
Тағы оқыңыз: Тораңғұл көліндегі су деңгейі қауіпті межеге жақындады