Солтүстікке су тасқынының алдын-алу және онымен күресу үшін еліміздің әр өңірінен 800-гу жуық маман келген болатын. Олар бір айға жуық елді мекендерді тілсіз жаудан қорғап, баға жетпес жәрдем берді.Екінші мамыр күні сырттан көмекке келген құтқарушылар мен әскерилер үйлеріне оралды. Петропавлдықтар оларды жолға салтанатты түрде шығарып салды, деп жазады Qazaqstan Media.
Қостанай облысынан біздің өңірге көмек бір апта бұрын келген. 40 маман, 11 техника тілсіз жаумен күресті. Жігіттер су басу қаупі бар аймақтарда инертті материал салынған қаптарды тасып, бөгеттерді нығайтты.
«Біз Солтүстік Қазақстан облысына сәуірдің 24-нен бастап келдік. 102 су деңгейін бақылауға арналған құрылғыны алып келіп, орнатып көрсеттік. Сондай-ақ апат аймағына 11 техника тартылды. Қапшықтарға инертті материал толтырып, бөгеттерді нығайтып, адамдарды эвакуациялау жұмыстарын атқардық. Бізді жақсы қарсы алды. Барлық жағдайды жасап, орналастырды. Енді қазіргі таңда қауіп жоқ деп айтуға болады»,-деді Қостанай облысының төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Жалғасбек Маратов.

Құтқарушылар мен әскери қызметкерлер су басу қаупі бар аймақтарда жұмыс істеді. Тұрғындарды қаупсіз жерге шығаурға көмектесіп, бөгеттерді нығайтты. Солтүстіктік құбылмалы ауа райына шыдас беріп, күндіз-түні қауіпсіздікті қамтамасыз ету іс-шараларымен айналысты. Бірнеше күн бойы өмірлері мен денсаулықтарына қауіп төнсе де, тұрғындардың тыныштығы үшін еңбек еткен жандар, үйлеріне жолға шықты. Оларды шығарып салу салтанатына облыс әкімі де қатысты.

«Бүгін біз ерекше себеппен жиналып, сіздерді терең ризашылықпен және құрметпен шығарып салудамыз. Отанымыз ортақ, бір елдің ұландарымыз. Қиын қыстау сәтте, жанымыздан табылып, көмектеріңізді аямадыңыздар. Бірнеше күн бойы, облыста су тасқынымен күрес болды. Табиғаттың қиындықтарына қарсы тұрып, бірінші болып алға шықтыңыздар. Суыққа, желге, шаршауға қарамастан, елдің амандығы үшін аянбай еңбек еттіңіздер. Сол бір дауылды күндерде, сіздердің ерліктеріңіз бізге демеу болды»,- деп алғысын білдірді облыс әкімі.

Әр өңірден жиналған мамандар бірігіп, облысты тасқын судан қорғап қалды. Оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Қазіргі кезде барлық органдардың үйлесімді жұмысының арқасында өңірдегі жағдай тұрақталып келе жатыр. Судан төнген қауіп сейілді.
Тағы көріңіз: Биыл елімізде соңғы қоңырау өтетін күн өзгерді