76 жастағы Галина Малыгина тозығы жеткен үйде жалғыз өзі тұрады. Қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері кейуананың үйінің маңайын жинап берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Зейнеткердің жолдасынан айырылғанына 18 жылдан асқан. Жасы келген соң денсаулығы сыр беріп, үй мен маңайдағы шаруаларды атқару қиындық туғыза бастаған. Сол үшін апта сайын әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер қарияға көмектесіп тұрады.

«Еріктілерге алғысым шексіз. Көмек сұрап, хабарласқан кезде бірден келеді. Ешқашан өтінішімді жерде қалдырған емес. Азық-түлікке дейін әкеліп береді. Жазда тереземді жуып, қыста үйімнің алдын тазалайды. Қолымнан әл кеткеннен кейін жұмыс істеу мен үшін қиынға соғуда», — деді зейнеткер.
Алдыңғы аптада бітпей қалған шаруалар бүгін жалғасын тапты. Еріктілер зейнеткердің бау-бақшасын қураған шөптен тазалап, үй ішіне ұзаққа жететіндей көмір тасыды. Қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері нәзікжандыға жыл бойы көмек көрсетеді.

«Жыл бойы жалғызілікті зейнеткерлерге көмектесеміз. Арнайы жасаған тізіміміз бар. Сол бойынша баспаналарға барамыз. Бұл — біздің парызымыз деп есептеймін. Орталықта 100-ге жуық ерікті бар. Барлығымыз топ-топқа бөлініп, күніне кемінде 5 адамның үйінің ауласын тазалап береміз», — деді қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Айсұлу Бекімова.
Көз — қорқақ, қол — батыр! Жастар күннің суығына қарамады. Айналдырған бірнеше минуттың ішінде кейуана айтқан жұмыстарды істеп, батасын алды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қаржы өкілдерінің арасында викторина өтті

