Солтүстік Қазақстанда пешті дұрыс пайдаланбау салдарынан бір түнде екі өрт оқиғасы тіркелді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Бүгін түнде Қызылжар ауданындағы Соколовка ауылында тұрғын үйден өрт шыққан. От жылыту пеші орналасқан бөлмеде тұтанып, үйдің бір қабырғасы толығымен жанып кеткен.
«Осыған ұқсас оқиға Есіл ауданындағы Чириковка ауылында тіркелді. Мұнда да үйдің пеш орналасқан қабырғасы толығымен жанып кеткен. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ», — делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
СҚО ТЖД қызметкерлері тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салады. Және де пеш жаққанда қарапайым ережелерді естен шығармауға кеңес береді.
«Жылу маусымы басталмас бұрын пешті қарап, жөндейтін жері болса жөндеу керек;
Мұржаны тазалау керек;
Отты тез жанатын сұйықтықпен тұтатуға болмайды;
Пеште бөгде заттар мен отынды кептіруге тыйым салынады;
Пештің маңына жалпақ металл төсеу керек», — деп ескертеді ТЖД мамандары.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қар аралас жаңбыр жауады – синоптиктер болжамы