Тайынша ауданының үш полицейі онлайн-букмекерлерде бәс тігіп, ақша тапқан. Тергеуші, криминалист және уақытша ұстау изоляторының қызметкері онлайн ставкаларға бірнеше жыл миллиондап ақша тігіп келген, деп жазады Qazaqstan Media.

Ставка жасалды…

Полицейлер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Құқық қорғау қызметі туралы» заңдардың бірқатар баптарын бұзған. Сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерінің Этикалық кодексін бұзғаны үшін жұмыстан босатылған. Тексеру Тайынша ауданы прокуратурасының ұсынысы негізінде басталған. Материалдарға сәйкес, Ринат Сәлімов 2023 жылдан бастап 2025 жылдың басына дейін онлайн-букмекерлік платформаларда тұрақты түрде бәс тіккен. Жалпы сомасы тоғыз миллион теңгеге жуық, оның ішінде төрт миллион теңгесін қайтарып алған.
Криминалист Әлішер Сүлейменов те 2020 жылдан бері осындай платформаларда белсенді болған. Ол өз есепшотына шамамен екі миллион теңге салып, ставкалар жасаған. Ал тергеуші Құрмет Нұржановтың шотына 900 мың теңгеден астам қаражат аударылған.

Нұржанов сотта өз кінәсіздігін дәлелдеді

Алайда үш жігіттің ішінде тек Құрмет Нұржанов қана жұмыстан босатудың заңсыз екенін дәлелдеп, жеңіске жеткен. Ол аккаунтты 2021 жылы танысы Сандыбаевтың өтінішімен ашқанын, ал ставкаларды оның өзі емес, дәл сол танысы жасағанын айтты. Барлық операциялар Сандыбаевтың телефоны мен анасының картасы арқылы жүргізілгені сотта дәлелденді.
Сотта Сандыбаевтың өзі де бұл мәліметтерді растаған. Сондай-ақ ұсынылған банк үзінділері мен IP-адрестер сәйкестендіріліп, Нұржановтың нақты қатысы болмағаны анықталған.

«Құрмет Мұратұлы Нұржановтың полиция департаментіне қарсы талабы қанағаттандырылсын. Ол жұмысқа қайта қабылдансын, мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақы және тұрғын үй төлемдері өтелсін», — делінген судья Ұлан Абдрахмановтың шешімінде.

Нұржановқа шамамен 950 мың теңге жалақы және 300 мың теңге тұрғын үй төлемі өндіріледі. Басқа екеуінің дәлелдері жеткіліксіз болды. Ал Сүлейменов пен Сәлімов өздерінің аккаунттарын басқа адамдар пайдаланғанын айтып, ақталуға тырысты. Бірақ сот олардың есепшоттары мен карталары арқылы аударымдар жасалғанын, тіркеу кезінде жеке деректері мен фотосуреттерін қолданғанын анықтады.
Қыркүйекте экс-полицейлер апелляцияға жүгінді, алайда облыстық сот алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сонымен қатар Нұржановтың пайдасына шыққан шешім де қайта қаралып, оның жұмысқа қайта оралуы жөніндегі қаулының күші жойылды.

Тағы оқыңыз: Петропавлда өндірісте ер адам көз жұмды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *