Қазақстанда енді қатерлі ісік түрлерін анықтауға арналған скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін және қолжетімді. Қазір облыста 91 мыңнан астам адам міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ. Бірақ онкоскрининг барлығына тегін көрсетіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Осы орайда біз «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Айнагүл Давлетчинамен сұхбаттасқан едік.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында сапалы медициналық көмектің маңыздылығын атап өтті. Президент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтуды ұлғайту міндетін қойды. Осыған байланысты шілде айының басында заңға жаңа өзгерістер енгізілді. Басты жаңалық – онкологиялық скринингтердің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) енгізілуі. Енді онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін әрі қолжетімді», — деп нақтылады Айнагүл Давлетчина.

Онкоскрининг — бұл қатерлі ісіктерді ерте анықтауға бағытталған профилактикалық тексеру. Көп жағдайда аурудың алғашқы белгілері байқалмайды, сондықтан ерте диагностика аса маңызды. Уақтылы анықталған сырқат — емнің нәтижелі болуының кепілі.

«Жыл басынан бері облыста 52 881 адам онкоскринингтен өтті. МӘМС аясында осы мақсатқа 313 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Мәселен, сүт безі обырына – 16 868 әйел, жатыр мойны обырына – 12 436 әйел, колоректальды обырға – 23 577 адам тексерілді.  Жатыр мойны обырына қарсы скрининг – 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге әр 4 жыл сайын жүргізіледі.Сүт безі обырына скрининг – 40-70 жас аралығындағы әйелдерге екі жылда бір рет. Қуық асты безі обырына скрининг – 50-70 жас аралығындағы ер адамдарға екі жылда бір рет жүргізіледі», -дейді Айнагүл Давлетчина.

Сондай-ақ тұқым қуалайтын бейімділігі бар, созылмалы аурулары бар және зиянды әдеттері бар адамдар да скринингтен өтуі тиіс.

Биыл алғаш рет 50-70 жас аралығындағы ер адамдар үшін ми қан айналымының бұзылуын (ОНМК) ерте анықтау скринингі енгізілді. Бұл профилактикалық тексеру инсульттің алдын алуға мүмкіндік береді.

«2025 жылдың басынан бері 325 млн теңге сомасына 58 805 адам профилактикалық тексеруден өтті. Оның ішінде қант диабеті, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, глаукома және В, С гепатиттеріне скринингтер бар. Бұл тексерулер 40 пен 76 жас аралығындағы азаматтарға екі жылда бір рет тегін өткізіледі»,- дейді  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ директоры.

Қазір облыста 91 мыңнан астам адам міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде жоқ. Бірақ онкоскрининг барлығына тегін көрсетіледі.

Тағы оқыңыз: СҚО-ның білім беру ұйымдарына 200-ден астам педагог жетіспейді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *