Солтүстік Қазақстанға жұмысы сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынына дайындық бойынша республикалық кеңес өткізді. Оның қорытындысы бойынша Үкімет басшысы бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Оның ішінде қарды ертерек шығару, өзендерде мұз жару және тұрғындарды эвакуациялау мәселесін пысықтау бар, деп жазады Qazaqstan Media.

Су тасқынының алдын алу жұмыстары бойынша барлық жауапты ведомстволардың есебін тыңдағанан кейін, Олжас Бектенов шешілмеген түйіткілдердің бар екенін айтты.

«Қазір су тасқыны кезеңіне сақадай саймыз деп айтуға әлі ерте. Осы күнге дейін тиісті шешімдер қабылданбаған бірқатар мәселе бар. Бұл әсіресе су басу қаупі жоғары аймақтарға қатысты. Қазір, ең алдымен, елді мекендердің су тасқынына нақты дайындық деңгейін тексеру керек. Әрбір елді мекенге барып, қалыптасқан жағдайды жан-жақты саралап, тиісті шаралар қабылдайтын өңірлік комиссиялар құруды тапсырамын. Барлық әкім тікелей жауап береді. Сондықтан жұмысты жандандырып, су тасқынына қарсы белгіленген шараларды нақты іске асыру қажет», — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты шенділерге бірнеше тапсырмаларды жүктеді. Біріншіден, елді мекендерден қарды ертерек шығару , қажет болған жағдайда өзендерде алдын ала жарылыс жұмыстарын жүргізу.

Олжас Бектенов: Қазір су тасқынына сақадай саймыз деп айтуға әлі ерте

Су бұру арналары мен арықтарды дайындау керек. Су тасқыны қаупі бар елді мекендер топырақ үйінділерімен және арнайы қорғаныс бөгеттерімен бекітілуі тиіс. Азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек қорын дайындау қажет. Су қоймаларын үнемі бақылауда ұстап, қажет болса суды алдын ала қауіпсіз жіберу бойынша шаралар қабылдау да бар.

«Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының жедел әрекет ету дайындығын қамтамасыз етсін. ІІМ-мен бірлесіп, құтқару жасақтарын тарту, оның ішінде әуе кемелерімен тасымалдау алгоритмдерін әзірлеу, су басу қаупі төнген жағдайда азаматтарды уақтылы эвакуациялау мәселелерін пысықтау қажет. Сондай-ақ адамдарды қауіпсіз аймаққа жеткізуге арналған эвакуациялық пункттер мен техниканың дайындығын тексеру қажет.
Мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнаманы талдап, қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізуі тиіс. Сонымен қатар өткен жылғыдай су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою бойынша республикалық штаб құру керек»,- деп міндеттеді Үкімет басшысы.

Премьер-министр әкімдер мен ведомстволарға су тасқыны кезеңіне дайындықты наурыз айының басына дейін аяқтауды тапсырды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл су тасқынының шарықтау шегі 19 сәуір болады деп болжануда

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *