Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Қызылжар ауданында тіркелген өртке қатысты түсініктеме берді. Айтуларынша, бала өлімімен аяқталған Ольшанка ауылындағы өрт пешті дұрыс пайдаланбаудан шыққан, деп жазады Qazaqstan Media.
Өрт туралы хабар түсе салысымен құтқарушылар оқиға орнына жедел жеткен. Алайда өрт сөндірушілер барған кезде тұрғын үй толығымен отқа оранған. Үйдің төбесі опырылып түскен. Мамандар жедел әрекет еткеніне қарамастан, өртті сөндіру барысында кәмелетке толмаған баланың денесі табылды.
«Оқиға орнына СҚО ТЖД басшылығы барды. Қазіргі уақытта баланың анасына психологиялық көмек көрсетілуде. Тілсіз жауды ауыздықтауға 11 техника мен 35 маман жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша өрт пешті дұрыс пайдаланбаудан шыққан», – деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Пришика ауылындағы өртке де мамандар жедел жеткенімен, тілсіз жау тез тараған. Нәтижесінде үй толықтай жанып кеткен. Оқиға салдарынан 1973 жылы туған ер адам қаза тапты. Бұл өртті сөндіруге 5 техника мен 17 өрт сөндіруші жұмылдырылған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Қазақстан-Қытай» ғылыми зерттеу орталығы ашылады

