Облыстық балалар ауруханасындағы былықты тексеру комиссиясының мүшелері анықтаған. Жүргізілген мемлекеттік аудит барысында емдеу мекемесінің тиімді жұмыс істемегені, сондай-ақ дәрігерлердің науқастарға сапасыз қызмет көрсеткені тіркелді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы облыстық балалар ауруханасы қызметінің тиімділігін тексерді. Сондай-ақ олар сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында мемлекет активтері қалай пайдаланылып жатқандығын зерттеген. Нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталды.
«Жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 267 млн 692 мың теңгенің заңбұзушылығы анықталды. Оның 869,4 мың теңгесі бюджетке өтелуге жататын қаржылық бұзушылықтар, ал 266 млн 823 мың теңгесі тиімсіз жоспарлау болып табылады. Бұдан басқа 16 рәсімдік бұзушылық және аурухана қызметінде 3 кемшілік анықталды», — деді СҚО тексеру комиссиясының мүшесі Тимур Тұрсынов.
Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша бюджетке 869 мың теңге өтелді. Аурухананың кірісіне 14,2 мың теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы өндірілді.
«Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне берілген материалдар бойынша 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 258,7 мың теңге айыппұл тағайындалды. Тәртіптік жауапкершілікке 10 лауазымды тұлға тартылды», — дейді спикер.
Тағы оқыңыз: Былтыр заңсыз айналымнан 36 тоннадан астам есірткі алынды