Sensitive би ансамблі Францияда өткен халықаралық жарыста үздік деп танылды. Жерлес өнерпаздар екі бірінші орынды қанжығаларына байлаған. Бүгін ансамбль мүшелерімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов кездесіп, кезекті жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Sensitive би ансамблінің мүшелері өз өнерлерімен тек СҚО жұртышылығын ғана емес күллі қазақстандықтарды, тіпті шет елдіктерді тәнті еткен. Құрылғанына 17 жыл болған ансамблдің қоржынында бүгінгі күні үш екінші, 37 бірінші орын мен 13 гран при бар.
«Мұндай жетістіктерге сіздер өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңіздің, таланттарыңыздың арқасында жетіп отырсыздар. Күні кеше Астана қаласының тұрғындарына да өздеріңіздің алғашқы әлеуметтік жобаларыңызды, спектакльдеріңізді ұсындыңыздар. Сіздер өз өнерлеріңізбен көпті тәнті етіп жүрсіздер. Елімізде инкюзиялық білімді дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Өздеріңіздің ерекшеліктеріңізге қарамастан көптеген жетістіктерге жеттіңіздер. Сіздерге сәттілік тілеймін. Сіздер облыс мақтанышысыздар», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов.
Би ансамблі Францияда өткен халықаралық сайыстан өткен аптада ғана жеңіспен оралды. Кейінен 15 мамыр күні Астана қаласында өздерінің «Толқынды арпалыс» спектакльдерін көрерменге ұсынды. Қойылымға ҚР Парламенті сенатының спикері Мәулен Әшімбаев қатысқан. Айта кетейік, қазіргі уақытта би ансамбліне 40-қа жуық есту қабілеті нашар биші мүшелік етеді.
Тағы оқыңыз:SMS арқылы емханаға шақырту: Алаяқтықтың жаңа түрі