Сауд-Арабияда Ислам ынтымақтастығы ойындары өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде солтүстікқазақстандық дзюдошы Назгүл Маратова қола жүлде еншіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Солтүстікқазақстандық спортшы жеңіс жолында үш белдесу өткізді. Ол ширек финалда тунистік Джаведи Сивардың жауырыны жер иіскетті. Бірақ өкінішке қарай, ақтық сын жолдамасы берілетін бәсекеде түркиялық дзюдошыға есе жіберді. Айта кету керек, бұл кездесуде жерлесіміз жеңіске сынық сүйем ғана жетпей қалды.
Бірақ, қателіктен сабақ алған ол Камерун елінен келген бұрымдыдан басым түсіп, қола медаль еншіледі. Бұл — Назгүлдің әлемдік додалардан алған алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін ол Азия чемпионаты мен «Grand Slam» турнирлерінде тұғырдан көрінген.
Айта кету керек, Ислам ынтымақтастығы ойындарына 54 мемлекеттен келген үш мыңнан астам спортшы қатысуда. Олар 24 спорт түрі бойынша сынға түседі.
Тағы оқыңыз: Ауыл мен қала: СҚО-да шағын қалалардың тағдырын кім шешеді?

