Қызылжар ауданының Бескөл ауылында Наурыз мерекесі үлкен көктемгі мейрамға лайық — кең көлемде атап өтілді. Таң атқаннан бастап орталық алаң ән-күйге, күлкіге және кәуап, палау, бауырсақ пен ыстық шайдың хош иісіне толды. Ауыл тұрғындары отбасыларымен келген. Бір-бірін құттықтап, мерекелік дастархан басында аялдап, суретке түсіп, жылы әрі жанды атмосфераның ләззатын сезінді, деп жазады Qazaqstan Media.
Бұл күні айнала түгел көктем мен жаңарудың тынысын сездіргендей болды. Бірі сахнаға асығып, ән тыңдаса, енді бірі ұлттық тағамдарға толы киіз үйлерге кіріп, дастарханнан дәм татты. Бескөлдегі Наурыз адамдарға қауышудың қуанышын, бірлік пен рухани жақындықты шынайы сезіндірген күнге айналды.
Аудан тұрғындары мен қонақтарын Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов құттықтады.
«Құрметті Қызылжар ауданының тұрғындары мен қонақтары, баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа денсаулық, береке, молшылық тілеймін», – деді Бейбіт Исманов.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі — тұсау кесу рәсімі болды. Оны да Бейбіт Исманов өткізді. Тұсауы кесілген бүлдіршін ақша таңдады. Халық нанымына сәйкес бұл оның болашақта дәулет пен табысқа жолы ашық болатынын білдіреді.
Мерекеге ерекше жылулық сыйлаған — ауыл тұрғындарының өздері. Мөлдір Сүттібаева әріптесімен бірге ертемен келіп, бауырсақ пісіріп, жомарт дастархан жайды.
«Биыл мерекені осылай атап өтуді жөн көрдік. Халыққа өте ұнады. Алаңда отырып та жеді, үйлеріне де алып кетті. Енді Наурызда осындай дастархан жайуды жақсы дәстүрге айналдырғымыз келеді», – деді Мөлдір Сүттібаева.
Шынында да, адамдар дастарханға алғыс айтып, ризашылықпен келіп жатты. Ауыл тұрғындарының жүзінен қуаныш, тек осындай халықтық мерекелерде ғана болатын ерекше сезім байқалды.
Алаңда ұлттық ойындар да кеңінен ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақша күресте бақ сынап, арқан тартысып, күш сынасты. Бірі жеңіс үшін, бірі әсер үшін қатысса да, бейжай қалған ешкім болмады. Әр алаңның маңына көрермендер жиналып, күлкі, қолдау сөздер мен достық әзілдер естіліп тұрды. Осындай сәттер мерекенің шынайы халықтық келбетін айқындады.

Мерекенің ерекше кейіпкерлерінің бірі — Алматыдан Солтүстік Қазақстан облысына су тасқынымен күресуге көмектесуге келген 50 сарбаз болды. Бұл күні олар жай ғана қонақ емес, халықтық думанның белсенді қатысушыларына айналды. Әскери қызметкерлер жарыстарға қатысып, кір көтеріп, арқан тартысып бақ сынап, тіпті ән де орындады. Оларды жұртшылық ерекше қолдап, шынайы жанкүйерлік танытты.

Бұл мерекеге ерекше жылылық сыйлады. Тұрғындар сарбаздарды тек көмекке келген азаматтар ретінде ғана емес, қуаныштарын бірге бөліскен жандар ретінде қабылдады.
«Баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Әрқайсыңызға бейбітшілік, жақсылық пен зор денсаулық тілеймін. Жақындарыма сәлем жолдаймын», – деді сарбаздардың бірі.
Күні бойы сахнада ән шырқалып, мерекелік көңіл-күй орнады. Киіз үйлерде және ашық аспан астында қонақтарға мол дастархан жайылды. Әрбір адам Наурыз көже, бауырсақ, палау және басқа да тағамдардан дәм тата алды. Бірақ бұл күннің басты сыйы — тағам емес, адамдардың шынайы эмоциясы еді.

Бескөлдегі Наурыз дәл халық күткендей өтті — жарқын, дәмді, думанды, мейірімді әрі шын мәнінде біріктіретін мереке болды. Бұл күн тағы бір рет Наурыздың күші тек дәстүрде ғана емес, оны жылумен, қамқорлықпен және шынайы көңілмен толықтыратын адамдарда екенін көрсетті.
Тағы оқыңыз: Ғауез Нұрмұхамбетов Есіл ауданындағы Nomads-AI креативті орталығына барды

