Қазақстанда МӘМС жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер әлеуметтік осал топтардың құқықтарын кеңейтуді, азаматтардың сақтандырылған мәртебесін қорғауды көздейді. Осыған орай, QM тілшісі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ СҚО бойынша филиалының директоры Айнагүл Давлетчинадан жаңа өзгерістердің мән-жайын сұрап білді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, енді әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтар үшін жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады.

МӘМС жүйесіне өзгерістер: медициналық көмек қолжетімді болады
МӘМС жүйесіне өзгерістер: медициналық көмек қолжетімді болады

«2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылады. Бұл әкімдіктердің жұмыспен қамту саласындағы жауапкершілігін де арттырады. Облыста қазіргі таңда әлеуметтік осал топтарға жататын 26 312 адам бар. Олардың ішінде 19 872 адам – D, ал 6 440 адам – E категориясында»-деді қор басшысы.

Сақтандырылған мәртебе 6 ай сақталады

Енді азаматтар кемінде бес жыл бойы жарна төлесе, жарна төлемеген кездері болса да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады. Бұл жұмыссыз қалған немесе уақытша табыссыз қалған азаматтарға медициналық көмекті үздіксіз алуға мүмкіндік береді.

2025 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап онкологиялық ауруларға скрининг барлық азаматтарға тегін ұсынылады. Ал 2026 жылдан бастап 11 әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік туған жағдайда кеңес пен диагностикалық көмек тегін көрсетіледі.

Сонымен қатар, амбулаторлық диализ, дәрі-дәрмекпен қамту, созылмалы ауруларды бақылау, жоспарлы стационарлық ем де МӘМС базалық пакетіне енгізіледі.

Қаржылық тұрақтылық үшін жарна шегі өзгереді

2026 жылдан бастап МӘМС жарналарын есептеу кезінде:

Жұмыс берушілер үшін табыс шегі — 40 ЕТЖ (ең төменгі жалақы),

Қызметкерлер үшін20 ЕТЖ болады.

Бұл шешім жарна жүйесін тұрақтандырып, жыл сайын шамамен 200 млрд теңге қосымша кіріс түсіреді деп күтілуде.

«Бастапқыда бұл шек 50 ЕТЖ болады деп ұсынылған еді. Бірақ салық жүктемесін ауырлатпау үшін 40 ЕТЖ-мен шектеліп отыр. Бұл шешім — әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына сай келеді», — деді Айнагүл Давлетчина.

Мемлекет 15 жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін жарна төлеуді жалғастырады. Бұл қатарға балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және тағы басқалар кіреді. СҚО-да бұл санаттағы 268 408 адам бар.

«МӘМС жүйесі енді тек сақтандырылғандар үшін емес, шынайы мұқтаж топтар үшін де қолжетімді болады. Бұл – ел денсаулығына бағытталған нақты қадам», — дейді Айнагүл Давлетчина.

Тағы оқыңыз: СҚО-да мемлекеттік қызметшілер құмар ойын ойнаған

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *