Петропавлдық құтқарушылар Есіл өзеніне түсіп кеткен ер адамды құтқарды. Белгілі болғандай, 56 жастағы тұрғын мұзды суда жарты сағаттай болған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оқиға наурыздың 24-і күндізгі сағат төрттер шамасында Петропавлдағы «Жеңіс» саябағының маңында болған. Жолды қысқарту үшін Есіл өзенін кесіп өтпек болған 56 жастағы ер адам мұз астына түсіп кеткен. Оны сол маңда жүрген тұрғындар көріп бірден құтқарушыларға хабар берген. Оқиға орнына жеткен мамандар арнайы құрылғылардың көмегімен жағадан 40 метр жерде болған ер адамды құтқарды. Ол бірден қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.
«Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Ер адам мұзды суда 30 минуттай болған. Уақтылы көрсетілген медициналық көмектің арқасында науқастың жағдайы тұрақталды. Қазір ол травматология бөлімшесіне ауыстырылды», — деп хабарлады емдеу мекемесінің баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Сауапқа толы түн: Бүгін – қасиетті Қадір түні