Мопедтер көлік құралына жатқызылып, оларды тіркеуден өткізу міндеттеледі. Бұл заң мәжілісте қабылданды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Жол жүрісі туралы» заңға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер мәжілістің екінші оқылымында қабылданды. Енді қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден төмен мопедтер автокөлік құралына жатқызылады. Олар тіркеуден өтіп, мемлекеттік нөмірді алуы қажет. Сонымен қатар мопед жүргізушілері «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алып, жыл сайынғы техникалық байқаудан да өтуге тиіс.
Негізгі заң жобасына сәйкес, мопед жүргізушілері әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Бұл норма мас күйде мопед қолданған жүргізушілер санын, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен жарақат алуды азайтуға бағытталған. Бұдан басқа мопед жүргізушілері толық жол қозғалысына қатысушыларға теңестіру ұсынылып отыр.
Сонымен қатар көлік құралдары жүргізушілері азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет. Жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін анықтау өкілеттігі беріледі.
Тағы оқыңыз: Былғары зауыты ауданында дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр