«Мені үйде күтіп отыр»: Әйелдер колониясындағы жазасын өтеушілердің бастан өткерген оқиғалары

Qazaqstan Media тілшісі Петропавлда орналасқан  әйелдер колониясындағы жазасын өтеушілермен тілдесіп қайтты. Бүгіндері түзету мекемесінде түрлі қылмыс жасап сотталған 300-ден астам келіншек отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД № 50 мекемесінде (әйелдер колониясы) жазасын өтеп жүргендердің бірі – Баян есімді келіншек. Ол ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу және пара беру баптары бойынша Астана қалалық сотының шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Тергеу осыдан 3 жыл бұрын болған.

«Басыма осындай жағдай түседі деп тіптен ойлаған жоқпын. Біреудің қоластында жұмыс істеп, есеп-қисаппен айналысқан кезде жеке кәсіп ашқым келді. Бірақ бастапқы жарнам болмағандықтан, сол жұмыста қалдым. Сөйтіп, аяғымды шалыс бастым. Ал 2021 жылы іс тексеріле бастады. Маған күтпеген жағдай болды. Бірден төбемнен мұздай су құйылғандай болды. Туыстарым үшін бірден қамалып және хабар-ошарсыз жоқ болып кеткенім өте ауыр тиді.  Бұл жерге келем, басымнан мұндай жағдай өтеді деген ой кіріп те шыққан жоқ. Алғашқы сот отырысында ақталып шығамын, үйге  ораламын деген үміт болды», — дейді жазасын өтеуші.

 

«Мені үйде күтіп отыр»: Әйелдер колониясындағы жазасын өтеушілердің бастан өткерген оқиғалары

Соттың  шешімі 2023 жылдың төртінші мамырында шыққан. Баян ол шешіммен келіспей, қайта қаруға өтініш жазған. Алайда үкім өзгеріссіз қалдырылды.

«Апелляциялық сот өтіп, бірінші соттың шешімі өз күшінде қалды. Сол күннен бастап мен күйзеліске түстім. Бірақ сонда да өзімді дайындадым. Тергеу изоляторына қамалғанда жылаған жоқпын. Тек осы жаққа түрмеге келгенде ғана қатты жыладым. Бұл жердің тәртібі басқа. Режимнің бәрін қабылдадым. Қазір әрі қарай да өмір бар екенін, үйде балаларымның, анамның, бауырларымның бар екенін, барлығының күтіп отырғанын ойлап жинақталдым.  Ең бастысы адамның өзіне байланысты. Барлық тәртіпті орындау, барлық қиыншылықты жеңу адамның өз қолында деп есептеймін», — деп өз ойымен бөлісті Баян.

Темір тордың ар жағында отырып, уақытты бағалайтын болған. Бұрынғы реніштердің де қазір түкке тұрғысыз дүние екенін ұққан. Қазір барынша мекеменің ішкі жұмыстарына араласуға тырысады.

«Сол кезде бел буып, қаражаттың бар – жоғына қарамай жұмыстан кетуім керек еді. Қазір ағайын -туыс, достың қадірін түсіндік. Басыңа іс түскенде қасыңда кім қалатынын да ұқтық. Менің айтарым, уақытты зая кетірмей, отбасы, туғандарға көп көңіл бөлу керек. Бостандықтағы өмірдің қаншалықты тәтті екенін түсінбегеніме қиналамын», — дейді сотталушы.

Баян секілді аталмыш түрмеде Наталья  да отыр. Ол 7 жыл 6 айға сотталған. Оған да ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау деген айып тағылыпты. Оны үйінде 5 жастағы қызы мен жолдасы күтіп отыр.

«Жағдайымыз жақсы болды. Жолдасым да, менде жақсы ақша таптық. Бірақ сотталамын, түрмеде отырамын деп ойламаппын. Мен әр нәрсенің жақсы жағын іздеймін. Қазір сурет салумен, психологиямен айналысамын. Бостандықта оларға аса мән бермеген екенмін. Колледж бітірдім,  университет, одан кейін екінші жоғары оқу орнына түстім. Бұның барлығы ата-анамның таңдауы болатын. Қазір ойлап қарасам, мен біреу үшін өмір сүріппін. Ата-ана, жолдасым, отбасым деп. Қазір 5 жастағы қызым бар. Ол да сурет салғанды ұнатады. Менің бар ойым — тезірек бостандыққа шығу. Соған тырысып жатырмын. Қызым менің түрмеде екенімді білмейді. Ол мені ұшақ құрастырып жүр деп ойлайды. «Оны құрастырып болғасын Дубайға барамыз»-дейді. Бірақ уақыты келгенде оған барлығын айтуға тура келеді. Соны ойласам, қиналып кетемін. Мен бостандықта жүрген жандарға, аналарға қыздарға айтарым — қолда бар дүниені бағалай біліңдер. Отбасы құндылығы деген ол — сүйікті жарың, ата-анаң, балаларың мен бауырларыңның аман-есен қасыңда болуы. Кез келген уақытта оларды құшақтай алуың. Ал мен болсам оны басқаша түсініп келіппін», — дейді Наталья.

Қазір әйелдер колониясында 300-ден астам келіншек жазасын өтеп жатыр. Олардың 95 пайызы жұмыспен қамтылған. Мекеме аумағында жеті жеке кәсіпкер келісімшарт бойынша жұмыс орындарын ашқан. Онда тігін цехтары мен наубайхана жұмыс істеп тұр

Тағы оқыңыз: 21 жасқа толмағандар энергетикалық сусын сатып ала алмайды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x