Мектептердегі буллингке қарсы бірыңғай бағдарлама әзірленіп жатыр. Оның тиімділігіне онлайн модуль арқылы мониторинг жүргізіледі және ай сайын білім беру ұйымдарындағы буллинг деректері жинақталатын болады. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазіргі таңда балалар арасында буллинг деген өршіп тұр. Оның кейбірін көпшілік әлеуметтік желі арқылы біліп жатыр.
«Бізге білім беру ұйымдары мен оның сыртындағы буллинг пен қудалау фактілері туралы шағымдар түсіп жатады. Оның ішінде әлеуметтік желі арқылы да деректер тіркелуде. Осыған байланысты бүкіл елге арналған бірыңғай буллингке қарсы бағдарлама әзірлеуді бастадық. Ол бағдарлама елдегі бүкіл білім беру ұйымдарында қолданылатын болады»- деді Еділ Оспан.
Бағдарлама аясында балалармен буллингтің не екені, оның зардабы туралы, жаман үрдіс екені туралы әңгіме жүргізілетін болады.
«Мектептерде балалар проблемаға тап болса, ересектермен сөйлесуіне арналған орындар құрылады. Осылайша бала, ата-ана, мұғалім үштігі бірге жұмыс істеп, мектепті қауіпсіз ортаға айналдыруға күш салады. Сынып сағаттары мен ата-аналардың жиналыстарында бұл мәселе көп талқыланады» — деді вице-министр.
Тағы оқыңыз: Шетелдік азаматтарды емханаға тіркеу ережелері өзгерді