Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 39 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілуі керек. Алайда кейбірі кестеден қалып жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, мектептерді жөндеу бойынша кесте бар. Алайда кей мердігерлер осы кестеден қалып жатыр.
«№31 мектепте нысанның шатыры мен қасбетін қалыпқа келтіру жұмыстары мерзімінен кеш қалды. Учаскеде 17 адам жұмыс істейді. Келісімшартқа сәйкес компания үлгермей жатса, екі кезекті жұмысты ұйымдастыруы тиіс. Білім бөлімінің мамандары тиісті хатты мердігерге жіберді. Орындалуын өзім тексеруді шештім. Бірақ нысанда небәрі 10 адам еңбектеніп жүр. Мердігерлік ұйымның басшысына тез арада жұмысшыларды көбейтіп, күн сайын атқарылуы тиіс жұмыстың кестесін беруді тапсырдым. Жөндеуді қысқа мерзімде аяқтау қажет. Тапсырманың орындалуын өзім қадағалайтын боламын», — деп жазды әлеуметтік желіде Серік Мұхамедиев.
Әкімнің айтуынша, оқу жылының жақындауына орай білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарының өз мәресіне жететін уақыты жақындап қалды. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін мұғалімдер өз жұмыс орындарын ретке келтіріп алуы тиіс. Сондай-ақ оқушылар сабаққа келмес бұрын химиялық заттардың, яғни сыр, бояу мен бояу езгіштердің иісі шығуы керек.
Жалпы СҚО-да биыл 39 білім беру нысанында 3,8 млрд теңге сомасына күрделі жөндеу жүргізілуі тиіс. Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, апаттық мектептерді жою бойынша жұмыс жалғасқан.
Тайынша ауданында 720 орынға арналған 2 мектеп құрылысы жүріп жатыр Алда Драгомировка елді мекенінде 120 орынға арналған мектеп құрылысы жоспарланған. Облыс орталығының мектептеріндегі орын тапшылығын қысқарту мақсатында 2026 жылға дейін 3,3 мың орынға арналған 4 жаңа мектеп салынады.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын күшейту жөнінде жұмыс та жалғасқан. Былтыр 150 млн теңгеге 28 физика және биология пәндік кабинеттері сатып алынса, биыл олардың қатары 28 кабинетпен толығады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да медициналық нысандардың құрылысы басталды