Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан медициналық колледжіне құжат қабылдау басталды. Биылғы талап өткен жылға қарағанда қатаң, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Медициналық колледжге қабылдау талаптары күшейтілді. Талапкерлер бұрын оқуға түсу үшін психометриялық тест қана тапсырған болатын. Биылдан бастап “Емдеу ісі”, “Мейірбике ісі” мамандықтарын таңдағандар — биология пәнінен, ал “Зертханалық диагностикаға” түскісі келетіндер химия пәні бойынша сынақтан өтеді.
«Биыл колледжге 150 грант бөлінді. Біз студенттерімізге бар жағдайды жасаймыз. Түлектеріміз 100 пайыз жұмыспен қамтылады. Оқу барысында түрлі медициналық мекемелерден тәжірибеден өтеді. Яғни, білім ордасын аяқтағанша дейін дайын маман болып шығады», — деді Ж.Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің қызметкері Ақтоты Баянова.
Айта кету керек, медициналық колледжде құжат қабылдау шарасы 10 тамызға дейін жалғасады. Қазірдің өзінде 150-ден астам талапкер өтініш беріп үлгеріпті. Бүгінгі таңда оқу орнында 1200-ден астам студент білім алады.
Тағы оқыңыз: Әйелін балағаттаған солтүстікқазақстандық қамауға алынды