Ж.Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжінде «Ашық есік күні» шарасы ұйымдастырылды. Оған 14 мектептен 100-ден астам ұл-қыз қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
9-11 сынып оқушыларына колледжде оқытылатын әр мамандық жайлы толық ақпарат берілді. Бірақ, бұл жолғы формат өзгеше. Ақпарат құр баяндама ретінде емес, әр саланың қыр-сырын баяндайтын шағын қойылым арқылы ұсынылды.
Шараға келген оқушылардың арасында болашағын медицинамен байланыстырғысы келетіндер бар. Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы Мансұр Ахметжан келешекте хирург болғысы келеді.
«Алдағы уақытта «Жалпы медицина» мамандығын таңдауды жоспарлап отырмын. 11-ші сыныпты аяқтап, хирургияға түспекшімін. Дәрігер болу — бала кезгі арманым», — Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы Мансұр Ахметжан.
Бүгінгі таңда колледж студенттерінің саны мыңнан асады. Мамандық саны — алтау. Білім ордасынан биыл 350 түлек түлеп ұшқан. Қала оқушылары үшін ашық есік күні алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ. Ауыл жастары да назардан тыс қалмаған. Колледж өкілдері аудандарды аралап, бағыт-бағдар беру жұмысын жүргізуде.
Медициналық колледжде ашық есік күні өтті
«2025-2026 жылғы оқу жылына арналған профориентациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. 17-ші қараша күні М.Жұмабаев ауданында болдық. 4 ірі елді мекенді араладық. 250-ге жуық мектеп оқушысы қатысты», — Ж.Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжінің кәсіби бағдар берушісі Айсұлу Сайлаубек.
2026-2027 оқу жылында медициналық колледжге 150 оқу гранты бөлінбек. Мұнда шәкіртақы көлемі 42 мың теңгені құрайды. Онымен қоса, 300 орынға арналған жатақхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысанды келесі жылы қолданысқа беру жоспарланып отыр.