Балшық, ауыр қаптар оған қоса жауын мен бұршақ. Соңғы күндері солтүстіктің ауа райы жығылғанға жұдырық болып тұр. Бір жағынан Есіл өзені тасып, Қызылжар ауданы Тепличное селосына қауіп төнсе, екінші жағынан қолайсыз ауа райы бөгеттерді нығайтуға кедергі келтіріп жатыр. Жерлестерін тілсіз жаудан қорғауға Мағжан Жұмабаев ауданының азаматтары да келді, деп жазады Qzaqstan Media.
Тепличное ауылына тасқын су 24-ші сәуір күні келді. Ал екінші күні бірден Мағжан Жұмабаев ауданынан көмек келді. Мемлекеттік қызметкерлер, медицина және білім беру саласының қызметкерлері мен түрлі сала мамандары бірлесіп, бөгетті нығайтуға кірісіп кетті. Қызылжар ауданына көмек көрсетуге келген әр азаматқа тәулігіне сегіз, тіпті он сағат жұмыс істеуге тура келеді. Күндіз-түн демей, тыным таппай құм толтырыған қаптарды тасып жүр. Бес күн ішінде ауданның 400-ден астам тұрғыны еңбек етіп жатыр.
Ал, жерлестеріне қол ұшын созып, көмек көрсете алмаған аудандықтар, азық-түлік жіберіп жәрдемдесуде. Одан 300-ден астам жұмысшыға арнап палау және өзге де ыстық тамақ пісірілді.

«Ауданның кәсіпкерлерінен жерлестерімізге, бөгеттерді нығайтып жүрген жандарға көмек көрсетуге ұсыныс болды. Палау, бауырсақ пісіріп бердік. Ыстық шайларын бердік»,- дейді Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігі аппаратының жетекшісі Абай Казисов.
Бөгетті нығайту жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Қазіргі кезде Есіл өзенінің суы төмендей бастады. Бір тәулік ішінде бір см азайды.
Тағы оқыңыз: Мамлют ауданында Жеңістің 80 жылдығына арналған жиын өтті