Петропавлда қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған республикалық «Мағжан оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтті. Дәстүрлі іс-шараны «Қызылжар дарыны» орталығы ұйымдастырды,деп жазады Qazaqstan Media.
«Мағжан оқулары» үш бағыт бойынша өткізілді. Олар — ақынның өлеңдерін жатқа оқу, ғылыми жоба қорғау және жас өнерпаздардың шығармашылық қабілетін таныту. Биылғы байқауға 7-11 сынып аралығында 45 оқушы қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – Мағжан мұрасын насихаттау арқылы жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру.

«Осы Мағжан оқуына 90 өлең жаттап келдім. 5-сыныптан бастап жаттап, 6-сыныптан бері сайыстарға қатысып келемін. Бұл жолы да облысқа төртінші рет келіп отырмын. Өлең жаттау оңай, бірақ оны мәнерлеп оқу – нағыз шеберлікті талап етеді»,-дейді Әл-Фараби мектебінің 10-сынып оқушысы Ерболат Жүсіп.
Кейбір оқушылар ақын шығармашылығына ерекше шабытпен қарап, терең зерттейді. Мамлют ауданынан келген 9-сынып оқушысы Даяна Сапарғалиева – солардың бірі. Ол бұл байқауға 74 өлең жаттап қатысып отыр.
«Маған Мағжанның өлеңдері терең ойымен, ұйқасымен, көркемдігімен ұнайды. Бұл менің әдебиетке деген қызығушылығымды ашты. Былтыр екінші орын алдым, биыл бірінші орын алғым келеді»,-дейді Бексейіт орта мектебінің оқушысы.

Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал үздіктер 23-24 маусым айында Петропавлда өтетін республикалық кезеңге жолдама алады. Бұл байқау жас буынға шабыт беріп қана қоймай, Мағжан Жұмабаевтың бай әдеби мұрасын насихаттаудың жарқын көрінісіне айналды.
Тағы көріңіз: СҚО-да үш теміржол станциясы жөнделеді