Мамлют ауданының прокуроры ауысты. Енді бұл қызметті ақмолалық Самат Нұрманбеков атқаратын болады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2025 жылғы 4 ақпандағы бұйрығымен аға әділет кеңесшісі Самат Нұрманбеков Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының прокуроры лауазымына тағайындалды.
Самат Сапарбекұлы еңбек жолын 2003 жылы Ақмола облысы Сандықтау ауданы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған.
«Кейін Ақмола облысы прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры, аға прокуроры, Шортанды ауданы прокурорының орынбасары болған. Ақмола облысының Егіндікөл, Есіл аудандарының прокуроры лауазымдарында қызмет атқарды. Ал 2021 жылғы ақпаннан бастап Ақмола облысы Біржан сал ауданының прокуроры болған», — делінген облыстық прокуратураның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Оның прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 22 жылдан асады.
Айта кетейік, осыған дейін Мамлют ауданының прокуроры лауазымын Асқар Жүнісов атқарған. Ол бұл қызметте бір жылға жуық еңбек еткен.
Тағы оқыңыз: «Әкімдер мектебі» жобасына 2400-ден аса аудандық және ауылдық округ әкімдері қатысады